11 Мамыр 19:15

Жалақы емес, тыныштық керек. Қазақстандық жұмысшылардың талап-тілегі НЕГЕ күрт өзгеріп кетті?

Фото:

Соңғы жеті жылда еліміздегі жұмысшылардың мінез-құлқы күрт өзгерген. Бұрын олар өздері үшін ең маңызды фактор деп жалақыны есептесе, қазір ұжымдағы атмосфера, жалпы жайлылық басты орынға шығып отыр. Демек, отандастарымыз ұжымы жақсы, басшысы жайлы жерден жалақысы аздау болса да кеткісі келмейді.

Бұл өте қызық тренд және ол туралы Қазақстанның HR қауымдастығы әзірлеген «Мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік сектордағы адам ресурстарын басқару саласының рөлі» атты зерттеуде көрсетіледі.

Зерттеуге орай, 2013 жылы жалақыны көтерудің маңыздылығы басқа ұсыныстарға қарағанда басымдау болып келді. Яғни, қазақстандықтарды қызықтыратын ең бірінші мәселе – ақша еді. Сол жылдары «Жалақыны көтерсін бе, әлде жұмыс беруші тегін оқытсын ба?» деген сұраққа қызметкерлердің 56 пайызы жалақының өскенін қолдап дауыс берген. Ал жалақыны инновациямен қарсы қойғанда 65 пайызы жалақыны таңдаған. Жұмыс орнындағы жылы атмосфера мен жалақыны салыстырғанда, қызметкерлердің 69 пайызы жалақыны қош көрген. Бұл – жеті жыл бұрынғы жағдай.

Дереккөз: hr-a.kz

«Ал 2020 жылы жағдай өзгерді», - дейді, зерттеу авторлары. Енді бұл жолы қызметкерлер үш бағыттың біреуінде ғана жалақыны таңдаған. Сұрауға қатысқандардың жартысынан көбі жалақының өскенінен көрі компаниядағы оқыту мен инновацияны дұрыс деп шешкен.

«Ұжымдағы жайлылық «бұл жерде бәрі тұрақты, мен ұзақ жұмыс істей аламын» деген сезім қалыптастырады және адамдарға сонысымен жағады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Адамдар жақсы табыс алып, бірақ бір-екі айдан кейін жұмыссыз қалғаннан гөрі, орташа айлық болса да ұзақ әрі тұрақты жұмыс істегенді қалайды. Бұл – психологиялық тұрғыда дәлелденген факт. Егер оны экономикалық өсімге телитін болсақ, жұмысшылардың қазіргі пайымы бізге үздіксіз тұрақты даму тұрғысынан өте тиімді. Тұрақты жұмысшы бізге экономиканы тезірек көтеруге мүмкіндік береді»

Ал еңбек ресурстары бойынша кәсіби маман Гаухар Ақмурзинаның пікірінше, адамдар бұл жерде жайлылыққа қарағанда жұмыс берушінің есебінен кәсіби білімін жетілдіріп, ары қарай мансап сатысымен өсуді қалап отыр. «Қазір кәсіби білімді үздіксіз жетілдіріп отыру адамның ортадағы құндылығын арттырады және өзі қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», – дейді Гаухар Ақмурзина.

«Алматы қаласын алып қарасақ, мұнда қызметкерлер жалақының жоғары болғаны тек бір сәттік артықшылық екенін біледі. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада олар мықты менторлар бар, өзінің кәсіби скиллдарын дамыта алатын жерге барған анағұрлым пайдалы екенін біліп отыр. Себебі мықты мамандарға сұраныс қашан да жоғары болады. Сұраныстың жоғары болуы сізге өзіңізге ұнайтын жұмыс орнын таңдауға, жұмыс берушіге кіріс, әлеуметтік пакеттер бойынша жоғары талап қоюға мүмкіндік береді»

Зерттеу барысында біздің HR мамандар алдарына қойып отырған мақсаттар мен трендтердің әлемдегі трендтерден мүлде алшақ екені байқалған. Бұл жалпы отандық HR саласының өз қазанында ғана қайнап жатқандығын анғартып отыр. Демек қазақстандық HRға әлемдік тәжірибені енгізу қарқынын күшейту қажет.

Бір қызығы, біздегі адам ресурстарын дамытудың өркениетті формаларын енгізуге көп тұста компаниялардың топ-менеджменті кедергі болатыны анықталған. Сондықтан кез-келген өзгеріс пен реформаны төменнен емес, жоғарыдан бастау қажеттілігі қазір анық білініп отыр.

Тегтер: