5 Мамыр 18:16

«Сүттен ақ» Үкімет. Мемлекет сыртқы қарыз мәселесіне НЕГЕ араласқысы келмейді?

Фото:

Осы жылдың басында еліміздің сыртқы қарызы 163,4 миллиард АҚШ долларға жетті. Бұл Ұлттық қордағы қаржыдан үш есе көп әрі жалпы ішкі өніммен шамалас. Бірақ оған мемлекет жауап бермейді.

Сыртқы қарыз – елдегі барлық мекемелерге сырттан келген ақшаның ортақ сомасы. Оның ішінде мемлекеттік қарыздан бөлек фирмааралық борыш та бар. Мемлекет тек өзі алған мемлекеттік қарызға ғана қайтарым бойынша кепілдік береді.

Ұлттық Банк мәліметіне сай, оның көлемі биылғы жылдың басында 15,2 миллиард долларға жеткен. Бұл ішкі жалпы өнімнің 9,3 пайызына тең және өткен жылмен салыстырғанда 1,9 миллиард долларға өсіп отыр. Әрине, басқа елдермен салыстырғанда біздің мемлекеттік қарызымыздың ІЖӨ-ға қатысты үлесі аса көп емес. Бірақ, коронавируспен күресеміз деп, биыл Үкімет мемлекеттік қарызды көбірек алды және бұл қауіпті тенденцияға айналып кетуі мүмкін.

Еліміздің халықаралық кредиторы - Азия Даму банкі. Фото: hashtelegraph.com

Ұлттық Банктің түсіндіруі бойынша, мемлекеттік қарыздың ұлғаюы Азия Даму банкінен пандемияның теріс әсерін төмендету үшін несие тартуымен, рубльдік облигациялар шығарған Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарына шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныстың артуымен, валюта бағамының өзгеруіне байланысты тәуелсіз еурооблигациялар құнының қайта бағалануымен байланысты болған.

Квазимемлекеттік компаниялардың шетелге қарызы 20,4 миллиард долларға жетті. Сонда олардың қарызы былтырдан бері 1,3 миллиард АҚШ долларына өскен. Банктер де қарыз алуда өте белсеніп кетті. Олардың берешегі 5 миллиард доллар және ол үкіметке қарасты Қазақстанның даму банкі өтеген еурооблигациялар есебінен өскен. Ал қалған сыртқы қарыздың бәрі – фирмааралық. Биыл осы берешек 1,7 миллиард долларға ұлғайып, 101,2 миллиард долларға жетті. Сыртқы қарыз негізінен Теңізшевройлдың болашақта кеңею жобасын іске асыра бастауынан көтеріліп отыр.

«Егер сыртқы қарыз Теңіз кен орнын кеңейтуге салынып жатқан қаржы есебінен өсіп жатса, ол жақсы сигнал», – дейді қаржы аналитигі Жеңіс Шәріпұлы. «Бұл еліміздегі өндіріс пен қайта өңдеу әлеуетінін артатынын байқатады».

«Бизнеске салынып жатқан қаржының қайтарымы, жағымды әсері болады. Мұнда негізгі мәселе қарызды тарту ставкасында. Оның валютасы мен жылдық мөлшерлемесі қандай? Соған назар аудару керек»

Фирмааралық қарыз инвестиция болып есептеле ме? Негізгі әңгіме осында жатыр. Егер оны инвестиция деп танысақ, онда бізге тек мемлекеттік қарызды бақылап, ал фирмааралық қарыздың, керісінше, өсуіне жол ашу қажет. Бірақ осыған қатысты сарапшылар ортасында нақты мәміле жоқ.

«Фирмааралық қарыздың бәрін инвестиция деп санауға болмайды», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген тәуелсіз сарапшы Талғат Байдосов. «Онда халықаралық компаниялардың түрлі ұсақ-түйек тауарларынан бастап, қаржылық аударымдары да жатыр».

«Халықаралық алпауыттар пайдалы кен орындарына әдейі қаржыны көбірек құйып, оны ресми түрде көрсетіп отырады. Бұл кейін біздің үкіметтің ол кен орындарын қайтарып, тартып ала алмауы үшін істеледі. Ондай жағдайда халықаралық компания құйылған инвестицияны толық қайтаруды талап ете алады. Әрі қаржы лизингке жұмсалуы мүмкін»

Nege.kz есебінше, пандемия салдары толық жойылғаннан кейін мемлекет өзінің сыртқы қарызын азайтуға әрекет ете бастайды. Бұл ретте Үкіметтің өзінде мемлекеттік қарыздың ішкі жалпы өнімге шаққан үлесінің тым аз екенін алға тартып, сырттан қарыз алуды барынша қолдап жүрген лоббист топтардың бар екенін жоққа шығармау керек.

Қарыздың валютамен келетінін ескерсек, оны жабу үшін де Ұлттық қор қаржысын конвертациялауға тура келетінін ұмытпаған жөн.

Тегтер: