Екі жылға артқа. Пандемия НЕГЕ шағын және орта бизнесті қаттырақ ұрды?

14 апреля, 20:39

Фото: Nege.kz

Қазақстандағы қызмет көрсету саласын қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде екі жыл қажет. Nege.kz порталымен тілдескен сарапшылар болжамы осындай.

Коронавирус Қазақстанды 7,7 триллион теңге немесе 18,4 миллиард доллар шығынға отырғызды. Былтыр ішкі жалпы өнімнің 2,9 пайызын жоғалтып, оны биыл қалыпқа келтіреміз деген үміт болған. Бірақ бірінші тоқсанның қортындысы бойынша тек экономиканың нақты секторының өсіп, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету салаларының әлі де қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны белгілі болды.

ҚР Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев. Фото: primeminister.kz

«Экономиканы қалпына келтіруге локдаундар кедергі болуда. Одан бизнес, халық зардап шегеді. Қазір елдегі іскерлік белсенділік төмендеп кеткен», – дейді TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

Оның айтуынша, әрбір локдаун шағын және орта бизнес санын қысқартады, яғни бұл кәсіпкерлік қызметке соққы болып отыр. Сонымен бірге, үкіметтің барлық зор мәлімдемелеріне қарамастан, зардап шеккен салаларға қаржылық көмек көрсетілмеді. Нақты ынталандырушы және қолдау шаралары байқалмады. Тек символикалық, косметикалық шаралар ғана жарияланды.

«Елдегі қызмет көрсету саласы, болжамды есеп бойынша, кем дегенде 20 пайызға қысқарды. Менің ойымша, осы сала құлдырауының ауқымы тіпті бірнеше есе үлкен болуы мүмкін. Және оны ковидке дейінгі қалпына келтіруге 2-3 жыл кететін болады»

Ал Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары, бизнестің қалпына келу уақытын 1/5 қағидасымен есептеуге болады дейді. Яғни шағын және орта бизнесті тұсаулаған (карантин) әрбір күнді беске көбейту керек. Мысалы, егер карантин бір ай жүрсе, онда бизнес жарты жылдан кейін ғана қалпына келе алады.

«Мұнда үкіметтің экономиканың нақты секторына, оның ішінде тау-кен және өңдеу өндірісіне сеніп, шағын және орта бизнесті пандемия жолында құрбандыққа шалғанын байқауға болады. Шағын және орта бизнес шын мәнінде макроэкономикаға, ішкі жалпы өнімге бәлендей әсер ете ала ма? Алматыдан басқа еш жерде оның айтарлықтай әсері жоқ екенін білеміз. Үкімет те солай есептеген сияқты»

2020 жылдың қортындысы бойынша жиналған салық көлемі 8,5 триллион теңге болған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 700 миллиард теңгеге кем. Оған экономикалық белсенділіктің төмендеуі, бизнес нысандарының салықтан босатылуы, мұнай бағасының күрт түсіп кетуі себеп болғаны үкімет тарапынан да, сарапшылар ортасында да бірнеше рет қайталап айтылды.

Ал биыл бірінші тоқсанның қортындысы бойынша 2,2 триллион салық түсімдері жиналды. Қаржы министрлігі жоспарды 111,4 пайызға орындағанын мәлімдеді.

Бірақ бұл жоспарға сенсек, онда үкіметтің өзі 2019 жылдағы күш-қуаты биыл келетініне сенбейтін сияқты. Сол себепті салық бойынша жоспарды да барынша азайтып қойған.

#пандемия #карантин #локдаун
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации