27 Сәуір 08:47

Ұрық саудасы: «Спермаңызды сатасыз ба?»

Фото:

Қазір мүмкін еместі мүмкін ететін заманда өмір сүріп жатырмыз. Тіпті, жасанды жолмен ұрықтандырып, сәбиі жоқ отбасыға бақыт сыйлау да қиын емес. Ер адамның ұрығы да саудаға түскені ешкімді таң қалдырмайды бұл күнде. Аңсап жүрген жанұя үшін қолдан балалы ететін құтыдағы бақыттың құны қанша?

Жуырда мәжілісмен Бекболат Тілеухан премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында ұрық доноры проблемасын көтерген болатын. 

Елімізде аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға лайықталған 8 криобанк бар. Қазір онда 4 мыңға жуық ұрық сақталған. Сонымен...

Ұрық донорлығы деген  не?

Ұрық донорлығы деп, әлдебір ер кісінің жалғыз басты әйелге немесе өздігінен баланы дүниеге алып келуге қабілетсіз ерлі-зайыптыларға жыныс жасушалары (генетикалық ақпарат) бар тұқымдық сұйықтығын беруді айтады.

Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсыра алады. 

Донор боламын, ұрық тапсырамын деген еркектің кескін-келбетіне, бойына – бәріне ерекше мән беріледі. Орта не ұзын бойлы, қазақтарға тән орташа көрсеткішке ие болуы керек. Артық салмақ болмауы шарт.

Айта кетер бір жайт, ұрықты пайдаланатын ерлі-зайыптыларға не әйелге донордың анкетадағы сипаты ғана беріледі. Анкетада оның ұлты, жүзі, руы, жасы, көзі мен шашының түсі жазылады. Кей жағдайда донордың бала кезіндегі фотосуреті көрсетілуі де мүмкін.

Мамандардың айтуынша, қазақтардың арасында ұрық тапсыруға келетін еркектер өте аз көрінеді. Оған түрлі себептер әсер етсе керек. Бірі қазақи тәрбие болса, енді бірі ұрық тапсыруға төленетін ақшаны азсынады. 

Ұрықтың құны қанша?

Бір рет тапсырылған ұрықтың құны – 40 мың теңге, ал сатып алу – 50 мың теңге. Оның жартысы донорға тапсырған бойда төленеді, қалғаны алты айдан кейін сараптаманың қорытындысы оң нәтиже бергеннен кейін беріледі. Бір еркек ұрығын 10 рет қана өткізе алады.

Мұндай жолмен сәби сүюдің орташа құны 700-800 мың теңгедей болады. Бұл қызметті көбінесе өздерінің аналық немесе аталық тұқым жасушасының сапасы төмен ерлі-зайыптылар, әрі жалғызбасты әйелдер қолданады. Осындай орталықтың мамандарының айтуынша, күйеуі жоқ әйел адамдар ұрық донорына соншалықты көп жүгінбейді екен. Клиникада мұндай жағдай жылына 3-4 рет қана кездеседі дейді.

«​Денсаулығымды тексергім келді»

Біздің кейіпкеріміз Қайсар екі рет ұрық доноры болған екен. Айтуынша, ол бұндай шешімге өзінің денсаулығын толық тексеріп алу үшін барған. 29 жастағы жігіт әлі шаңырақ көтермеген. Десе де, әр ер адам өз денсаулығын қадағалап отыруы керек деп есептейді.

«Донорлыққа берілетін ақша айтарлықтай көп емес. Алайда, донор боламын десеңіз, сараптаманың барлығы тегін жүргізіледі. Денсаулығыңның, ер азамат ретінде қуатыңның қандай деңгейде екенін біліп алдым. Соңында менің ұрығым барлық талаптардан өтті. Осылайша, екі рет өткіздім. Мұның барлығы тез-тез бола салатын шаруа емес. Қаншама анализдер тапсырасың, психологтың қадағалауынан өтесің, текті жерден шыққаның да ескеріледі», – деді кейіпкеріміз. 

«Ол бәрібір сіздің ұрпағыңыз болып есептеледі ғой, кейін балаңыздың тағдыры қандай болатыны алаңдатпай ма?» деген тілші сауалына:

«Алаңдатады, әрине! Бірақ бір перзентке зар болған отбасы балаға жаман қарайды деп ойламаймын. Керісінше, өз туған балаларынан да артық көретіні анық», – деді Қайсар.

Әлеуметтік желіде таралған осындай криобанктердің ішінде бірнеше еркектің анкетасы берілген. Анкетада ер адамның аты-жөні мен суретінен басқа барлық мәлімет толық жазылған. 

 

Ұрық донорлығына шариғат қалай қарайды?

Шариғатта бөтен еркектің ұрығын, яғни, некелі жарынан өзге еркектің ұрығын (сперма) әйелдің жатырына орналастыру – харам. Мұнда ғұламалар арасында талас жоқ.

Шариғатта «неке кедергілері» деген түсінік бар, яғни, өз-ара некелесуге болмайтын жандар. Соның ішінде, қаны бір бауырлас екі жас еш уақытта некелесе алмайды. Неке қиылған күннің өзінде, ол, неке – неке болып есептелмейді. Ал енді, ұрық донорлығы – қоғамда қан араластығын тудырып, адамдар арасында туыстық байланысты болдырады. Бұл өз кезегінде, қоғамда некесіз отбасылардың құрылуына, ағайынды екі жастың жұптасуына алып келеді.

Ендеше, «ұрық донорлығы» бағдарламасы шариғатқа қайшы. Мұндай жүйеге мұсылман кісінің ат салысуының өзі ағаттық дейді дін мамандары. 

Ал енді, оның саудасына келер болсақ, ұрық саудасы Ислам экономика талаптарына сай емес. Неге десеңіз, шариғатта сауда дұрыс болуы үшін, сатылатын зат «әл-Мәлуль Мүтақаууим» болуы шарт. Яғни, біріншіден, сатылатын зат «мал-мүлік» санатынан болуы ләзім. Мал-мүлік санатына кірмейтін заттарға сауда келісім шарты жүзеге аспайды. Мысалы, өлексе, қан, адам саудасы т.б. харам.

Екіншіден, шариғат рұқсат еткен зат болуы керек. Мысалы, мұсылмандарға доңыз етін сату, арақ-шарап сату т.б. харам. Осы тұрғыда, адамның ұрығы – мал-мүлік санатына жатпайды. Сондықтан да, оның сатылуы дұрыс емес болып есептеледі.

Total.kz  сайтының мәліметі бойынша, егер ер азамат барлық тексеруден өтіп, донорлыққа жарамды деп қабылданса, ол үш күнде бір шәует тапсыра алады. Осылайша, бір айдың ішінде жас жігіт 540 000 теңге табыс табады. Алайда криобанктің шарты бар: бір донордан 10 баладан артық болмайды. 

Репродуктологтардың мәліметінше, ЭКО ең арзаны ТМД елдері ішінде Қазақстанда тіркеліп отыр. Қазақстандық клиникаларға шетелдік азаматтар да келеді екен, соның ішінде АҚШ, Германия, Израиль, Қытай және Үндістан азаматтары бар.

Тегтер: