18 Сәуір 17:49

Түркістанда полицейлер күшейтілген қызмет түріне көшті

Фото:

Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz. ​

Алматы, NEGE. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ел аумағындағы төтенше жағдай режимі мамыр айына дейін ұзартылды. Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 18 сәуірі күні сағат 24:00-ден бастап карантин енгізіледі. Осыған байланысты, Түркістан облысы полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне көшті. Коронавирустың алдын алу мақсатында облыста 68 блокпост қойылған, оның ішінде 2-еуі республикалық маңызы бар автожолдарда орналастырылған. Мұнда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер қызмет етеді.Сондай-ақ, ТЖ режимін бұзуға жол бермеу, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тарту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты бақылау жүргізіледі. Мәселен, төтенше жағдай режимі басталғаннан бері облыс полицейлері 200-ден астам заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 80 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 4-іне ескерту жасалып, 50-ден астам тұрғын әкімшілік қамауға алынды. Сотта 59 әкімшілік іс қаралды. Жалған ақпаратты таратудың 9 жайты анықталды. Олардың барлығы анықталып, күдікті жалған ақпарат таратушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында 2020 жылдың 17-сәуірінен бастап карантин енгізілуіне байланысты Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысын назарларыңызға ұсынамыз. Қаулыға сәйкес:

– Транзиттік автокөлікті, сондай–ақ Түркістан облысының өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тіршілік етуін қамтамасыз ету үшін азық–түлік тауарлары, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, дезинфекциялық заттар, өндірістік тауарлар мен материалдар бар автокөліктерді және кіріп–шығуға рұқсаты бар азаматтар мен көлікті қоспағанда, Түркістан облысы аумағына автокөлік құралдарының барлық түрлерінің және азаматтардың келуіне және шығуына тыйым салынады;

– Тұрғындардың өмір сүруін қамтамасыз етуге, құрылыс және егін жұмыстарына қамтылған автотранспорттарды қоспағанда, облысы тұрғындарының қалалар, аудандар, елді мекендер арасында қатынауына тыйым салынады;

– шұғыл медициналық көмекке, сондай–ақ медициналық көмек алуға арналған квоталар бойынша мұқтаж адамдарға облыс аумағына кіруге және шығуға рұқсат етіледі;

– қалааралық жолаушылар тасымалы, автовокзалдардың, автостанциялардың, теміржол вокзалдарының қызметі, сондай-ақ қалалық қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылады. Қоғамдық орындардың, саябақтардың, скверлердің, балалардың ойын алаңдарының және басқа дақала тұрғындарының демалыс орындарының қызметі тоқтатылады.

– карантин кезеңінде облыс аумағында отбасылық той–жиындарды өткізуге тыйым салынады (туған күн, үйлену тойы және т. б.), отбасы мүшелерін қоспағанда үш адамнан аспайтын топтармен жүруі шектелсін;

– азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін шектеулі. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысы тапсырысты шығару және жеткізу режимінде санитарлық шараларды сақтай отырып, сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін шектелсін;

– Түркістан облысының қалалары мен елді мекендерінде дезинфекция режимі күшейтілді. Дезинфекциялау кезінде 5 сағат ішінде далаға шығуға тыйым салынады.

Барлық жерде бетперделік режим енгізіледі. Облыс тұрғындары мен қонақтары үнемі бетперде киіп жүруге міндетті. Отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспайтын топтармен жүру керек. Үйден шығу тек дүкендерде және дәріханаларда азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін, медициналық көмекке жүгіну кезінде болады. Басқа сәтте, төтенше жағдайлар орын алған қала мен елді мекен бойынша жүріп-тұру шектеледі. Кәмелетке толмағандардың ата-анасының қарауынсыз өз бетінше жүріп-тұруына тыйым салынады. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау. Анықтама болған жағдайда жүріп-тұру, үйден жұмыс орнына, одан үйге қайтуға ғана рұқсат беріледі. Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындары мен қонақтарын шектеу шараларына түсіністікпен қарап, төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын қатаң сақтауға және аса қажетсіз, себепсіз үйден шықпауға шақырады. Төтенше жағдай режимі бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік бар екенін ескертеді.
 

Тегтер: