21 Сәуір 11:11

Түркістан облысында карантин режимін елемейтіндер көбейген

Фото:

Түркістан облысында карантин жарияланғаннан бері төтенше жағдай режимін бұзған жүзге жуық оқиға анықталды.

Алматы, NEGE. Тәртіп бұзғандардың дені – көшеде бетпердесіз бейберекет жүргендер, көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын балалары және блок-бекеттерден рұқсатсыз өтуге тырысқандар. Түркістан облысы аумағында кешеден бастап карантин жарияланды. Осыған байланысты өңірде тәртіп күшейтіліп, қозғалыс шектелді. Күні кешеге дейін қайнап жатқан көшелер бүгін тым-тырыс. Тіршілік саябырсыған. Барлық қоғамдық және жеке көлік тоқтатылды. Полиция қызметкерлері бірең-сараң жүрген көліктерді тоқтатып, рұқсат қағазын тексеріп жатыр. Мұнда қозғалыстан бөлек, барлық нысан жабылған. Тұрғындардың үйінен тек дүкен мен дәріханаға баруына ғана рұқсат. Басы артық жүріс-тұрысқа шектеу қойылған.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: "Дәріханалар мен дүкендер санитарлық талаптарды сақтай отырып, күшейтілген тәртіппен жұмыс істеуде. Тұрғындар тек кезекпен ғана ара-қашықтықты сақтай отырып, қажетті заттарын сатып алуда. Алайда бір тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері жүзге жуық карантин тәртібін бұзғандарды анықтады. Қазір осы факті бойынша ұсталғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды" деді.

Көшеде үш адамнан артық жиналуға болмайды. 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиіс. Балалардың сыртқа шығып, аулаларда ойнауға тыйым салынған. Облыс аумағында жүзге тарта санитарлық блок-бекет жұмыс істейді. Оның 33-і Түркістан қаласы аумағында орналасқан. Бүгін облысы бойынша 230 әскери міндетті өз қызметіне кірісті. Оның 50-і – Түркістан қаласының тұрғындары. 

Тегтер: