9 Қыркүйек 17:18

Сот үкіміне келіспеген жәбірленуші пикетке шықты

Фото:

Алматы қаласының сот ғимаратының алдына сот үкімімен келіспеген жәбірленуші жалғыз адамдық пикетке шыққан. 

Алматы, NEGE. Наразылыққа шыққан тұрғын «жемқорлықпен күресті - сот орындарынан бастау керек» деген ұранмен Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. 

Тұрғынның қолындағы плакатта «Судьялар - Иманқұлов пен Ариповты жауапқа тарту керек» деген жазу жазылған. 

Осы оқиғаның жай-жапсарын білу мақсатында Nege.kz сайтының тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөзіне хабарласқан болатын. 

Баспасөз хатшысының айтуынша, пикетке шыққан азамат Кензин Алмалы аудандық сотында қылмыстық іс бойынша жәбірленуші көрінеді. Ол осы наразылық шарасын өткізу үшін Алматы әкімдігінен арнайы рұқсат алған. 

Ал, жауапқа тартылсын деген Иманқұлов пен Арипов Алмалы аудандық сотының судьялары екен. 

«Қылмыстық іс бойынша сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сол себепті азамат аппеляциялық шағым түсіре алады», дейді баспасөз хатшысы. 

Ал Алмалы аудандық сотындағылар бұл іс бойынша ештеңе айта аламайтынын, тек қалалық сот шешімін шығарғаннан кейін істің мән-жайы белгілі болатынын жеткізді. 

Тегтер: