26 Мамыр 09:45

Семейде май зауыты іске қосылмақ

Фото:

Елімізде майлы дақылдарды өңдейтін заманауи зауыт салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Семейліктер оның құрылысын көпке ұзатпай, күзге дейін бітірмек.

Алматы, NEGE. Құрылысқа «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы мен Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы қолжетімді несие берілген. Жаңа зауыт тәулігіне мың тоннадан астам өнім шығарады. Сөйтіп, облыста зығыр, рапс және күнбағыс алқаптары кеңейе түспек. Кәсіпорынның техникалық директоры Анатолий Добрянский: "Бұл әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ зауыт. Жаңа технологиялар экологиялық жағынан өте тиімді, шикізатты қалдықсыз өңдеуге мүмкіндік береді. Майлы дақылдардың қабығының өзінен мал азығын, құсқа жем, тіпті тыңайтқыштар шығаруға болады. Күнбағыстың 30-40%-ін облыс шаруаларынан, қалғанын өзге өңірлерден сатып алмақпыз. Тіпті Ресейдің Алтай өлкесімен шикізат жеткізуге келісім шарттар жасалып жатыр" деді. 

 Аймақ басшысы Даниал Ахметов та өңдеу секторының кәсіпорындарын дамыту мемлекет үшін маңызды екенін атап өтті. Бұл жобаға Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 5 миллиард теңге жеңілдетілген несие берген. Инфрақұрылымдық жүйелерді тартуға да қаржылай жәрдем болмақшы. "Бұл жоба Президентіміздің шикізаттық емес саланы дамытуға байланысты берген тапсырмаларына орай қолға алынды. Әрине, сапалы өнімдермен алдымен өз елімізді қамтып, одан кейін барып шетел нарығына шығу жоспарда бар. Әсіресе, көрші Ресей мен Қытайда үлкен сұраныс бар. Зауыт жұмысы күнбағыстан өзге зығыр, рапс алқаптарының ұлғаюына да септігін тигізеді" деді облыс әкімі.

Озық технологиямен жұмыс істейтін құрал-жабдықтар Италия, Түркия, Болгария сияқты мемлекеттерден әкелініп жатыр. Кәсіпорынды іске қосу осы жылдың соңына жоспарланып отыр. Зауытта тұрақты 250 адам еңбек етеді. Бұл жоба жыл сайын күзде өнімдерін өткізе алмай қиналатын өңірдегі шаруалар үшін де тиімді болып тұр. Олар енді алаңсыз егін алқаптарын ұлғайтып, серпінді жұмыс істей береді.

Тегтер: