31 Желтоқсан 16:17

Сапасы жақсы жолдардың үлесі 87%-ға артады

Фото:

Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларымен кездескен аудандық мәслихаттың депутаттығына «Nur Otan» партиясынан үміткер Серік Орынбасаров өзі мүшесі болып табылатын партияның сайлауалды бағдарламасының ерекшеліктері туралы айтып берді.

Үміткер алдымен көпшілікті өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтті.

– Аудандық мәслихаттың депутаттығына өз кандидатурамды ұсына отырып, мүмкіндігімше аудан тұрғындарының мүдделерін қорғаймын. «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуына және әлеуметтік мәселелер мен абаттандыру, көгалдандыру тиісті деңгейде жүзеге асырылуына ықпал ететін боламын. Соның ішінде, халықтың әлеуметтік осал бөлігінің мүдделерін қорғауға, қала көшелерін жарықтандыру мен асфальттауға, оны көгалдандыру мен қоршауға, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу мен төсеуге, қаланың қозғалыс көп көшелеріне бағдаршам орнатуға, 22, 23-кварталдарды абаттандыруға қаржы бөлуге ықпал етемін, – деген Серік Орынбасаров бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін қалалық мәдени орталық салуға қаржы бөлінуіне қол жеткізу, қаланың санитарлық тазалығына және қоқыс өңдеу зауытының құрылысына қаржы бөлуге көмек көрсету, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.

Сонымен қатар, Серік Орынбасаров «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасауға негізделген дамудың жеті басымдығы жобасындағы жайлы аудан бағытына кеңінен тоқталды.

«Nur Otan» партиясы азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды, әркімнің таза суға, ауаға және сапалы инфрақұрылымға қол жеткізуін қолдайды», – деген ол «партия жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғыртуға, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыруға жәрдемдесетін болады», – деді.

Сондай-ақ, бүгінгі күні ауданда тұрғын үй кезегінде 1082 адам тұрғанын айтқан үміткер «Nur Otan» партиясының тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін атқаратын жұмыстарын тізбектеп берді. Мәселен, 2022 жылы Хромтау қаласында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 120 пәтерлік тұрғын үй салу нәтижесінде 480 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, Хромтау қаласының 1,7 мыңнан астам тұрғынын қамти отырып, жыл сайын 6 көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге жағдай жасалмақ.

«Жол – бұл әр аудан өмірінің басты артериясы. Барлық ауылдарда сапалы жолдар мен азаматтар үшін жақсы инфрақұрылым болуы керек» деген партияның ұстанымын жеткізген С.Орынбасаров «Nur Otan» партиясының мақсаты – ауданның транзиттік әлеуетін дамыту, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын арттыру екендігін тілге тиек етіп, автожолдардың сапасын кезең-кезеңмен жақсарту іс-шараларының нәтижесінде 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 75%-дан 87%-ға дейін артатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, таза ауыз сумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету, экологияны жақсарту, интернетпен қамту бағытында атқарылатын жоспарларымен бөлісті.

«Nur Otan» партиясы құр уәде берумен шектелмей, халықтың қолдауының арқасында нақты істермен шұғылданатынын айтқан аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер Серік Орынбасаров Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшыларын алдағы сайлауда белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.

«Nur Otan» партиясы Хромтау аудандық сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тегтер: