12 Шілде 14:55

Сағынтаев: COVID-19-дың науқастарын емдеу үшін қосымша және резервтік орындар құрылады

Фото:

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Halyk Arena-дағы коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдейтін аурухана ретінде жұмыс істеуге дайындық барысымен танысты.

Қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында қаладағы инфекциялық және провизорлық ауруханаларға қосымша орындар ұйымдастыру туралы жазды.

«Қаладағы жұқпалы және провизорлық стационарлар үшін қосымша ашылуға тиіс орындардың ұйымдастыру барысымен таныстым. Halyk Arena-да 1 мың орынға арналған, соның ішінде реанимациялық 60 орын ашылады. Дайындық барысында санитарлық қауіпсіздіктің ең қатаң талаптары ескерілуде. Таза және лас аймақтарға арналған шлюздер мен туннельдер, желдету және зарарсыздандыру жүйелері орнатылды. Кезең-кезеңімен медициналық жабдықтар орнатылады. Дәрігерлік бригадалар дайындалуда. Жақында арада бұл жер алғашқы пациенттерді қабылдайды», - деп хабарлады Б. Сағынтаев.

Жақында Жарбосынов атындағы урология ҰО-ы базасында 150 орынға арналған инфекциялық стационар ашылатын болады. Бүгінде қоғамдық денсаулық басқармасы орналасқан ОҚК корпусында қосымша орындар ашылады. Сондай-ақ жұқпалы аурулар ауруханасында да қосымша орындар ашылу көзделген. Сондай-ақ №4 перзентхананың жаңа ғимаратын пайдалануға беру тездетіледі. Психоневрологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бір айдан кейін бұл жер жұқпалы аурулар стационарына айналады. Осы аралықта басқа да нысандар, соның ішінде қонақ үйлер, санаторийлер мен жатақханалар дайын болады.

«Қабылданған шаралардың арқасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қажетті орындар резерві құрылатын болады», - деп Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев бүгінде Алматыда қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеу үшін 4669 орынға арналған 21 медициналық ұйым жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

Тегтер: