21 Сәуір 14:35

Пітірді онлайн жібере аласыз

Фото:

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен биылғы Рамазан айына қатысты мәліметтер бойынша баспасөз конференциясында айтылды.

Алматы, NEGE. «Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақа мен зекетті мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Біз онлайн жүйеде садақа берудің оңтайлы жолын таңдадық. Мұсылман қауымы сауаптар еселеніп жазылатын қасиетті айда мұқтаж отбасыларға зекет пен садақа беріп, халықтың батасын алып, алғысқа бөленеді», - дейді ҚМБД төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Ол биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталатынын айтты. «Осы ретте Рамазан айында берілетін пітір садақа мен зекетті Каспий банк, Халық банкі және Kivi мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады. Қазіргі таңда басқа да банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. ҚМДБ белгілі бір банкті жарнамаламайды, алайда төтенше жағдайда үйден шықпай садақа берудің осындай жолын таңдап отырмыз. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттің есепшоттары енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады. ҚМДБ-ның төралқа шешімі бойынша, биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері - 470 теңге деп бекітілді. Пітір садақа құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен де берсе болады», - дейді ол.

Тегтер: