12 Наурыз 12:44

Павлодардағы сәби өлімі: Сектант шешесі қан құюдан бас тартқан

Фото:

Павлодарда нәресте дүниеге келген соң бір күннен кейін көз жұмды. Оған шұғыл түрде қан құю қажет болған, алайда ата-анасы діни себептерге байланысты бұдан бас тартқан.

Павлодар, NEGE. Pavlodarnews.kz басылымының хабарлауынша, оқиға осы жылдың қаңтар айында болған. Нәресте 2021 жылы 22 қаңтарда мерзімінен бұрын туған.

Оның салмағы 700 грамм ғана болыпты. Сәбиге шұғыл қан құю қажет болған, алайда анасы діни себептерге байланысты қан құйғызудан бас тартқан. Павлодарлық дәрігерлер бірнеше сағат бойы оны көндіруге тырысқанымен, еш нәтиже шықпаған, ал бланкіде қан құюдан бас тарту баланың өміріне қауіп төндіретіні айқын көрсетілген.

Бас тарту туралы құжатта жас ана бұл процедураға қарсы екенін, себебі «қан құю арқылы ауру жұқтыру және асқыну қаупі барын» жазған екен. Ол ЭПО, темір қоспалары және дәрумендерді пайдалану сияқты баламалы емдеу әдістерін қолдануға ғана келісімін берген. 

Басылымның жазуынша, сәбидің ата-анасы Иегова Куәгерлері діни ағымының жақтаушылары болып шыққан, олардың дәстүрінде тіпті өмір мен өлім аузында жатқан жағдайда да қан құюға тыйым салынады.

Айта кетейік, егер ата-анасын көндіру мүмкін болмаса және осы себепті баланың көз жұмуы ықтимал болса, дәрігерлерге консилиум өткізіп, онда ата-анасының қарсылығына қарамастан, қан құю туралы шешім қабылдауға құқық берілген. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодексте дәрігерлер гемоглобинді альтернативті жолмен арттыра алады деп көрсетілген.

«Иә, эритропоэтин бар және бұл туралы Иегова куәгерлері біледі. Бірақ бұл препарат қатты қан жоғалту жағдайына арналмаған», – дейді облыстық перзентхананың бас дәрігерінің орынбасары, неонатолог Жаңылай Қапанова. 

Жас анамен сәтсіз келіссөздерден кейін дәрігерлер полиция шақырып, консилиум өткізген. Алайда олар қан құйып үлгермеген, нәресте көз жұмған. Дәрігердің айтуынша, сәбидің жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде жатқан.

Тағы бір айта кететін жайт 2020 жылы нәрестенің анасына жүктілік кезінде алты сағатқа созылған күрделі ота жасалып, сол күні әйелге қан құю процедурасы жасалған. Бұл туралы оның медициналық картасында ақпарат бар. Отадан кейін тұрғын дәрігерлердің шешіміне шағымданбаған.

Жалпы егер босанушы әйелде ота кезінде қиындықтар туындай бастаса, онда бұл жағдайда шешім қабылдауға санаулы минуттар ғана болса, онда діни нанымдарға мән беріп, олардың көзқарасын нақтылауға уақыт болмайды. 

«Иегова куәгерлері» Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестік саналады. Алайда,  «Иегова куәгерлері» бір-біріне қан құюға рұқсат бермейді. Бірі бұл бірлестікке кіргендер қан құюға қарсы десе, екіншілері «Иегова куәгерлерінің кесірінен отбасымыз ойран болды» деп ашық айтқан. «Иегова куәгерлері» көрші Ресейде экстремистік ұйым деп танылған.

Ізгілік жолын ұстанамыз деген Иегова куәгерлерінің қатары жыл сайын көбейіп барады. Мәселен, Ресейде осы бірлестікке мүше 170 мың адам бар. Ал Қазақстанда «Иегова куәгерлерінің» 60-қа жуық діни бірлестігі мен 17 мыңнан астам мүшесі бар. Ресми тіркеуден өтіп алған олар ел аумағында осы ағымды еркін насихаттап жүр.

Тегтер: