13 Тамыз 07:42

Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда халық республикасының» әміршісі ме?

Фото:

Қызылорда облысындағы оқырмандарымыз Nege.kz порталының редакциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған үшбу хат жолдапты. Оқырмандардың айтуынша, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мен Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арасында «қырғи-қабақ соғыс» жүріп жатқанға ұқсайды.

Алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова туралы. Наурыз айының соңында Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов пен оның орынбасары Марат Делмұхановтың ұсталғанын алғашқылардың бірі болып Nege.kz жазған. Іле-шала Қызылорда облысына Гүлшара Әбдіхалықова әкім болып тағайындалды. Гүлшара Наушақызының бұл тағайындалуы дәл сол кезде жұрт қызыға қоятындай емес еді. Өйткені облыста індет ошағы қоздап тұрған.

Хаттағы дерекке сенсек, Г.Әбдіхалықова облыс әкімі болып тағайындалысымен оған қарсы жүйелі шабуыл басталған. «Әбдіхалықова тағайындала салып-ақ оған қарсы әлеуметтік желіде жалдамалы блогерлер арқылы шабуыл басталды. Соның бірі ­– Сандуғаш Тұрлыбекованың оқиғасы», ­– дейді оқырман.

Естеріңізге салайық, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған Г.Әбдіхалықоваға Сандуғаш Тұрлыбекова деген жергілікті тұрғын: «Жолды неге жабасың? Ханның қызысың ба?!», – деп дүрсе қоя берген.

Сол кезде аузына сөз түспеді ме, әлде салғыласқысы келмеді ме, Гүлшара Наушақызы «мен жапқан жоқпын...» деп күмілжігендей болды да, көлігіне міне қашты. Бірақ кейін ақталуына тура келді. Егер сонда тұра қашпай, жолды кім жапқанын сол жерде анықтатып, Сандуғаш Тұрлыбековамен «құрбыларша» оңашалап сөйлесіп көргенде, кімнің-кім екені белгілі болып қалар ма еді, бәлкім, егер бұл шынымен де алдын-ала жоспарланған «акция» болса...

Хат иелерінің пайымдауынша, Гүлшара Наушақызына «Ханның қызысың ба?!» деген атышулы сұрақтың басқа ауданда емес, Жаңақорғанда қойылуының себебі бар. Өйткені Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев дәл осы Жаңақорған ауданының тумасы әрі өзін ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің де әміршісі санайды-мыс.

Енді Нұрлыбек Нәлібаев жөнінде бірер сөз. Нұрлыбек Машбекұлы 2013 жылдан бері Қызылорда қаласының әкімі. Негізгі мамандығы – менеджер-экономист. Кейіннен заңгер мамандығын қоса алған. Бірқатар компанияларда түрлі қызмет атқарған. 2013 жылы облыстың сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев Нұрлыбек Нәлібаевты Қызылорда қаласының әкімі етіп тағайындады. Содан бері қызмет ауыстырған жоқ. Оқырманымыз айтқандай, облыс басшысының орынтағына көз тігуі де содан шығар, кім білсін.

Қолда бар деректерге сенсек, Нұрлыбек Машбекұлы әкімдікпен қатар, бизнесті де қатар алып жүргенге ұқсайды. Олай дейтініміз, Н.Нәлібаевтың Жаңақорған ауданындағы бірқатар компанияларға жанама түрде (бәлкім, тікелей) қатысы бар деседі. Мәселен, аудандағы Машбек Нәлібаев атындағы ауылда мал шаруашылығымен айналысатын «Бақытжан» шаруа қожалығына қала әкімінің туысы Әлібек Нәлібаев басшылық жасайды. Кейбір деректерге қарағанда, шаруа қожалығы мемлекеттен 195 млн теңге субсидия алған. Бұдан бөлек, әкімнің бауыры «Жаңақорғангаз» ЖШС-ның иесі деседі. Сондай-ақ оның Жаңақорған санаторийлеріне де қатысы бар екені сөз болды.

«Қызылорда әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бауырларының бәрі майлы жіліктің басын ұстап отыр. Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданындағы табысты бизнес көзінің тетігі Нәлібаевтардың қолында» деген әңгіменің қаншалықты рас өтірігіне әлі бойлай қойған жоқпыз. Бірақ, бір нәрсені айтпай кетуге болмас.

Нұрлыбек Нәлібаев – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың туған бауыры. Егер облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арасында «қырғи-қабақ соғыс» жүріп жатқаны рас болса, мұны Бердібек Машбекұлының білмеуі мүмкін емес қой! Әлде «Таразстанның» билеушісі басқаша ойлай ма?..

«Қай жеңгенің менікі» деп қарап отыратын уақыт емес қазір. Індет екі бүйірден қысып тұрған кезеңде облыс пен қала әкімі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істемесе, бұған дейінгі шаруаның бәрі бекер болмақ.

P.S. «Кедей елдерге көмектесу жөніндегі агенттік құрылады» деген жаңалыққа қатысты қоғам белсендісі Арман Шораев әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп пікір жазды: «Ең алдымен мына елдерге көмек көрсетуді ұсынамын: Түркістан, Таразстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда халық республикасы».

Көзі ашық жұрт белсендінің қыжыртпасын бірден түсінді. Енді мұны «Таразстан» билеушісі мен «Қызылорда халық республикасының» әміршісі дер кезінде түсінсе дейміз.    

Тегтер: