4 Тамыз 22:20

Несиелік амнистия болмаса, митингіге шығамыз: Мамай билікке талап қойды  

Фото:

4 тамызда белсенді Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері билікке кредиттік амнистия туралы шешім қабылдауға бір ай уақыт берді.

Несиелік амнистияны Мамай 6 маусым Алматыда өткен митингіде қозғаған болатын. Бұл жолы Демпартия өкілдері Нұр-Сұлтанға арнайы ұшып келіп, Президент әкімшілігіне кредиторлық қарызды кешіру туралы 88 мың адамның арызын өткізді.

«78 мың арыз электронды нұсқада флэшкада, тағы 10 мыңы қағаз түрінде алып келіп отырмыз. Хаттардың қабылданғаны туралы Тоқаевқа жеткіземіз деп уәде берді. Осынша өтініштің бір уақытта келгеніне көз жұма қарамайды. Халықтың жағдайы қиын, соза беруге болмайды. Бүгіннен бастап билікке бір ай уақыт береміз. Осы 30 күннің ішінде біздің кредиттік амнистия туралы талабымызды орындауы керек. Бір айдың ішінде шешілмесе, онда митингіге шығуға мәжбүрміз», – деп ескертті Мамай.

Өтініштерді қабылдау науқанына Демпартия өкілдері тыңғылықты дайындалған. Арыздар кеңседе де, электронды пошта және WhatsApp арқылы да өткізілген көрінеді. Тіпті ауылды жерде тұратын адамдар қағаздарды поездбен және автокөлікпен де салып жіберіпті.

Мамайдың айтуынша, халықтың несиесін кешіру үшін екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге үкіметтің берген қаражаты қайтарылуы керек:

 «Біздің айтып отырғанымыз, 2008 жылдан 2020 жылға дейін жекеменшік банктерге 5 трлн ақша берілген. Бір тиыны да қайтқан жоқ. Одан кейін 2017-2018 жылдары 4,5 трлн берілді. Сонда жалпы көлемі 9,5 трлн-ға жетіп отыр. Ол ақшаның бәрі қайтады деп үкімет айтты. Жаңағы алған адамдар, банктің иелері, қайтарсын. Сол арқылы халықтың несиесі қайтарылсын. Адамдардың проблемалық несиелерін сатып алу арқылы да көмектесуге болады. Мәселен, Грузиядағыдай. Олардың үкіметі 1,5 млрд доллар бөліп, 600 мың адамның проблемалық несиесін сатып алды. Осындай процедуралармен несиелік амнистияны жариялауға болады».

Кредиттік амнистия жариялау туралы талаптарды қазақстандықтардың бірі қолдағанмен, екіншілері популисттік идея деп санайды. Жанболат Мамай «30 жылда бір рет несиелік жеңілдік жасауға болады, себебі, халықтың көкейіндегі мәселе осы» деп қайырды.

Аделаида Ауеспекова, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: