28 Қаңтар 09:39

Мектеп қалайша 429 мың теңгеге сатылып кеткен?

Фото:

Солтүстік Қазақстан облысының Суаткөл ауылында мектеп ғимараты аукционда 429 мың теңгеге сатылды.

Алматы, NEGE. Әкімдіктегілердің айтуынша, Ақбалық және Рождественка ауылдарындағы тағы екі мектеп сатылған. Еліміздің солтүстігінде оқу орындары неліктен жаппай сатылып жатқанын Tengrinews.kz тілшісі анықтады.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіні ресми сауалға жауап ретінде Жамбыл ауданы Суаткөл ауылында 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 11 адам тұратынын хабарлады. Екі бала Пресновка ауылында оқиды, интернатта тұрады, деп хабарлады әкімдік. Сондықтан олар мектепті аукционға шығарып сатуды ұйғарған.

«Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде мектеп ғимараты аукционға шығарылды. 2020 жылғы 10 тамызда бағалаушы ғимараттың құнын анықтады. Бағалау сомасы 429 000 теңге болды. 9 қыркүйекте өтінімдердің болмауына байланысты бағаны көтеру аукционы өткізілген жоқ», – деп хабарлады әкімдік.

Нәтижесінде 6 қазанда бағаны төмендету аукционы өтіп, Суаткөл ауылындағы мектеп 429 000 теңгеге сатылған.

Сонымен қатар, аукционға Жамбыл ауданы Ақбалық ауылындағы мектеп ғимараты қойылды. СҚО әкімдігіндегілердің айтуынша, бұл ауыл мүлдем жабық. Халық жоқ. Мұнда ғимарат 1 668 080 теңгеге бағаланған. Алайда олар оны екі есе арзанға сата алған.

«9 қыркүйекте өтінімдердің болмауы себебінен бағаны көтеру аукционы өткізілген жоқ;
6 қазанда өтінімдердің болмауына байланысты бағаны төмендетуге аукцион өткізілген жоқ;
23 қарашада аукцион сатып алушының сатып алу-сату шартына қол қоймауына байланысты күшін жойды. 15 желтоқсанда бағаны төмендету аукционы өтті. Ғимарат 813 481 теңгеге сатыллды», – деп хабарлады ведомстводағылар.

Үшінші мектеп ғимараты Жамбыл ауданының Рождественка ауылында сатылды. 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша бұл ауылда 26 адам тұрады. Мектепте оқитын бала жоқ. Мектеп ғимараты шамамен 9,5 миллион теңгеге бағаланған. Алайда, бұл сомаға оны ешкім сатып алғысы келмеген.

«9 қыркүйекте өтінімдердің болмауы себебінен бағаны көтеру аукционы өткізілген жоқ;
6 қазанда өтінімдердің болмауы себебінен бағасын жарты сомаға төмендету аукционы өткізілген жоқ; 10 қарашада аукцион өтті. 1 921 991 теңгеге сатылды», – деп хабарлады СҚО әкімдігі.

Бұған дейін СҚО-да мектеп ғимаратын бір теңгеге сатып алуға болады деп хабарланған.

Тегтер: