5 Қазан 15:59

Маньяктар. Коля Жұмағалиев

Фото:

Біз бұған дейін журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан «заңдағы ұрылар» (воры в законе), баскесерлер туралы аса қызықты материалдар аударып бердік. Енді адамжегіштер мен мойнына бірнеше адамның қанын жүктеген маньяктар туралы аудармалар жариялай бастаймыз. Мұны төбеқұйқаңыз шымырламай отырып оқу мүмкін емес.

Маньяктарға қатысты адамзат тарихындағы ең қанқұйлы қылмыстардың бірі Қазақстанда жасалған. Оны жасаған – адамжегіш Николай Жұмағалиев.

Жұмағалиев әлі тірі, бірақ түрмеде емес, Алматы облысының Ақтас ауылындағы жындыханада жатыр. Үкім бойынша сонда өмірінің соңына дейін болады. Адамжегіш бекер жатпай кітап жазып, өзін жұрт көзінен және мазасыз журналистерден оқшаулауды сұрапты. Арманы да жоқ емес. Күндердің-күнінде бостандықты көріп, кітабын шығармаққа ниетті. Алайда оны емдеуші дәрігерлердің айтары басқа: Жұмағалиев көзі тірісінде бостандыққа шықпайды. Психикалық дертінің паталогиясы бойынша, ол адам өлтіруді және адам етін жеуді ешқашан тоқтатпайды. Соған қарамастан Жұмағалиев әлгі мекемедегі ең тәртіпті «тұрғыны» көрінеді.

Жұмағалиевтің хаты

Жұмағалиевтің соңғы қылмысы 2014 жылы ғана дәлелденді. 1990 жылы Ақтөбеде өлтірілген қыздың денесі сол жылы ғана табылды. Маньяк ол кезде осы қалаға күнкөріс үшін келген еді.

Кешқұрым ол бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, терезенің жабылмаған пердесінің арғы жағынан киініп жатқан қызды көреді. Бір сағаттан кейін айналып соғып терезеден кіреді де, қызды бауыздап қанын ішіп, одан соң басын кесіп алады. Адам қанын ішу – Жұмағалиевтің сүйікті шаруасы болған.

Оған қатысты зорлау, өлтіру, адам етін жеу бойынша жалпы саны 12 қылмыс дәлелденген. Диагнозы – шизофрения, маньякалдылық. Бұл жөнінен Жұмағалиев совет уақытындағы қанқұйлы маньяк Андрей Чикатилоға қатты ұқсайды. Ол да жас балалардың, әйелдердің дене мүшелерін кесіп алып, пісіріп жеген. Жұмағалиев та Чикатило сияқты адам өлтірген кезде рахаттанып, өзі өлтірген адаммен жыныстық қатынас жасап немесе қылмыс орнында онанизмге берілген. Сондай-ақ адам етін пісіріп жегенді де ұнатқан.

Чикатило мен Жұмағалиев

Жұмағалиев алғашқы құрбандығын 1978 жылы Алматы облысының Ұзынағаш ауылының маңында өлтірген. Жұмыстан қайтып келе жатқан жас келіншекті қуып жетіп бауыздап жібереді де, сол жерде қанын ішеді. Өлген денемен жыныстық қатынас жасаған соң денені мүшелей бастайды. Жамбас етін сылып үйіне алып келіп, одан тамақ жасап жейді. Қалған етті тұздап, банкіге басып қояды.

1979 жыл ішінде ол тағы 5 адамды өлтірген. Сол жылы тамызда бірге жұмыс істейтін өрт сөндіруші әріптесін мастықпен абайсызда өлтіріп, түрмеге түседі. Сербский атындағы институтта оған шизофрения деген диагноз қояды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта Жұмағалиев түрмеден босап шығып, туған ауылына оралады. 1980 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында тағы үш әйелді өлтірген. Алайда есеп бойынша тоғызыншы құрбандық оның түбіне жетті. Сол күні ол үйіне достары мен құрбыларын қонаққа шақырады. Арақты алаңсыз сілтегендіктен үйінде қонып қалған қыздардың бірін өлтіреді. Көрші бөлмеде оның етін жіліктеп жатқанда басқлар көріп қалады да, адамжегіштің үйінен бәрі жанұшыра қашып, милицияға хабарлайды. Оқиға орнына келген милиция қызметкерлері қолын қанға малып, тізерлеп отырған каннибалды көріп естері шыққаны соншалық, Жұмағалиевтан айырылып қалады.

Кейін оны бәрібір тауып, тұтқындайды. Тергеу жүрді, Мәскеуде түрлі ұзақ сараптамалар жасалды. Кейін оны «ақыл-есі ауысқан шизофрения» деген диагнозбен кәдуілгі жындаханаға жібереді.

Жындыханадан оп-оңай қашып кеткен Жұмағалаиев екі жыл бойы ұстатпай лаң салады. Ізін жасыру үшін Ферғана қаласында ұрлық жасап әдейі ұсталып, басқа біреудің атымен Ташкент түрмесінде жатқан. Бірақ мәскеулік оперлер оны танып қойып, Алматыдағы жындыханаға қайтарады.

Жұмағалиевтің қылмыстары жөнінде егжей-тегжейлі айтуға болар еді, бірақ ол туралы көптеген документалды фильмдер түсіріліп, БАҚ-та жүздеген мақала жарияланды. Жазып жатқан кітабында біз білмейтін жайттарды өзі де айтар. Айтпақшы, ол тергеу кезінде қылмысының мотивін окульттік дәстүрмен және әйелдерге деген жеккөрушілікпен байланыстырыпты. Әр эпизодты өз өміріндегі әлдебір датамен байланыстырып отырған және әйелдерден кек алдым деп есептеген. Жас кезінде бұрынғы қызынан венерологиялық ауру жұқтырып алғаны, әйелдердің бұдан бас тартқаны да ақыл-есінің ауытқуына себеп болса керек. Психологиялық соққы одан әрі комплекске алмасып, Коля Жұмағалиев адам сенгісіз құбыжыққа айналып шыға келген.

Кісіжегіштің адам денесін түршіктірер қылмысына тоқталмай-ақ қояйын, тек куәгердің өз аузынан естіген жайтты қағазға түсірмекпін.

Василий Васильевич Симачевті өз араларында Вася ағай деп атайды. ІІМ-нің бұрынғы бірінші вице-министрі, қылмыстық іздестіру саласында аты аңызына айналған Симачев 1980 жылы ұзынағаштық атышулы кісіжегішті қалай ұстағанын маған айтып берді. Ол кезде Алматы облысы, Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінде бастықтың орынбасары екен.

В.Симачев

– Жұмағалиевті алғашқы өлі дене табылған кезде-ақ тұрғылықты жері бойынша есепке алған. Алайда ол бірге жұмыс істейтін әріптесін абайсызда өлтіріп қойып, түрмеге түсті. Адамжегіш Боралдайдағы колония-поселениеде бар-жоғы бір жылдан аса уақыт қана отырған. Құжат бойынша колонияда отыр, ал өзі мекеме бастығымен келісіп алып, сенбі-жексенбі күндері Ұзынағашқа барып жүрген. Сол кездерде Алматының аумағынан бөлшектелген денелер табылып жатты.

Біз оған абайсызда тап келдік. Әлі есімде 13 желтоқсан күні таңғы төртте ояндым. Біртүрлі сезім маза бермеді. Тез киініп таңғы асымды іштім де, жұмысқа келдім. Кабинетке кіргенім сол еді, кезекші әлдебір адамның ішкі істер бөліміне жанұшыра келіп, адам өліміне куә болғанын, қылмыскердің дәл қазір өлген денені жіліктеп жатқанын хабарлағанын айтты. Уақыт жоғалтуға болмайтын еді. Кезекшіні, стажерді және жүргізушіні ерттім. Куәгер көрсеткен үй көшенің соңында, Фабричный ауылына шығар жолда екен.

Айтқан жерге келдік, аулада шағын үй тұр. Қаракөлеңке бөлмеде жалаңаш еркектің сұлбасы көлбеңдейді. Үйге кіргеніміз сол еді, маньяк бір қапталына қарай секіріп түсті. Неге екенін білмеймін, бөлмеде тағы бір адам бар деп ойлап, шкафқа жүгіргенімде Жұмағалиев тырдай жалаңаш күйінде үйден атып шықты да, қашып кетті.

Өз бетімше әрекет еткенім үшін басшылықтан сыбағамды алдым, әрине. Совет өкіметіндегі ең қауіпті қылмыскерден айырылып қалу абырой емес еді.

Бірақ жоғалтқан абыройымды ертесінде қайта таптым. Адамжегіштің қай жерде тығылып жатқаны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Айтылған жерге келгенімізбен, ешкімді таппадық. Жұмағалиевтің әкпесінің жұпыны үйін қарап жүріп, еденге көзім түсті. Еден тақтайлары ескі болғанымен, қағылған шегенің қалпағы жаңа екен. Тақтайды алғанда жертөледе жасырынып жатқан Николайды көрдік. Сол жерде оны тұтқындадық.

Құбыжықты ұстағанымызға ішкі істер бөліміндегілер қуаныштан жарылардай болды. Бөлім басшысы Сайлыбаев пен мені қателігім үшін жазалаған жоқ. Осылайша біз маньякты ұстап, құқық қорғау органындағы жұмысымызды сақтап қалдық.

Тегтер: