9 Сәуір 18:04

Коронавирус: «Алматыдағы ауруханалар науқасқа толды» (фото)

Фото:

Қазақстанда өткен тәулікте 2440 адамнан коронавирус індеті анықталды. Оның ішінде 717 науқас Алматыдан анықталған. 

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус бойынша қалада эпидемилогиялық жағдайдың күрделенгенін айтқан. 

«Осы сәтте стационарда 3146 науқас жатыр, бұл сан кешке дейін өзгеруі мүмкін. Бір тәулікте 309 науқас келіп түсті. Бүгінде бос төсек-орындар саны 1080. Науқастарды сырқатының деңгейіне қарай эшелон бойынша бөліп жатқызамыз. Сырқаты жеңіл түрде өтіп жатқандар үй карантинінде, яғни 5251 адам дәрігерлердің бақылауында. Телемедицина орталығы барлық науқаспен байланысқа шығып, жағдайларын біліп отырады», – деген Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі, телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали.

Nege.kz сайтының тілшісі Алматыдағы коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін ауруханалардың ахуалын біліп қайтты.

«Халық Арена» кешеніндегі мың төсек-орынға аралған стационарда 42 науқас жатқаны айтылған. Тілшіміз барған «Халық арена» кешенінің күзетшісі: «Әзірге адам әкеліп жатқан жоқ, бірақ төсек-орындар дайын тұр», – деп жауап берді. 

Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында да жедел-жәрдем көліктері толассыз кіріп-шығып жатты. Жағдайға байланысты бөгде адамдардың ішке кіруі мүмкін емес. Күзетшілердің айтуынша, ковид жұқтырғандардың көбі осы ауруханада жатыр. Бірақ күніне қанша адам түсіп жатқаны туралы ақпаратты беруден бас тартты.

Қалалық Фтизиопульмонология орталығына да ковид жұқтырған науқастар жатыр. Ондағылардың айтуларынша, науқастар саны шамадан тыс көп.

Тілшіміз Алматы қаласындағы модульді инфекциялық аурухананы да өз көзімен көріп қайтты. Модульді аурухана жұмыс істеп тұр. Коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдап жатыр. Аурухана әкімшілігімен тілдесу мүмкін болмады. Дегенмен, сырттағы қызметкерлер науқастардың көп түсіп жатқанын растады.

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы, ковид жұқтырғандардың басым бөлігі қай ауруханаға жатқызылып жатқаны жөнінде нақты ақпарат айтпады.

«2021 жылғы 9 сәуірдегі коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ақпарат. Алматы қаласы бойынша эпидемиологиялық жағдай шиеленісе түсуде. Күн сайын коронавирустық инфекцияның 700-ден астам жағдайы анықталады. 08.04.2021 жылы коронавирустық инфекцияның 717 жағдайы тіркелді (жергілікті), оның ішінде 630 жағдай симптоммен және 87 жағдай симптомсыз. Ауруханаға жатқызулар саны күніне 400 деңгейінде. Жұқпалы аурулар стационарларында (6100 төсек) 3520 адам (71 бала), оның ішінде 86-ы өте ауыр, 692-сі ауыр, 2742-сі орташа ауырлықта. Санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау мақсатында шектеу режимі бойынша қабылданған шаралардың арқасында Алматы қаласы бойынша жұқтырғандардың болжамды саны жоқ. Барлық қабылданған шаралар уақытша нәтиже береді», – деп жауап қайтарды.

Ж.Бекшин

Тілшіміз Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшинге хабарласқан. Ол әдеттегідей «әкіммен ZOOM жиналыста отырмын» деп сытылды.

Тегтер: