16 Қыркүйек 12:32

Қазақстандықтар 1 қазанға дейін салық қарызын төлеуі тиіс деген ақпарат қаншалықты рас?

Фото:

«Қазақстандықтар 1 қазанға дейін салық қарызын төлеуі тиіс» деген ақпарат – жалған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы, NEGE. «Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын 1 қазанға дейін өтемеген жағдайда 8 АЕК (20000 теңге шамасында) көлеміндегі айыппұл есептелетіні туралы хабарлама таратылуда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлаймыз», деді ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Абдилов.

Ресми өкілдің айтуынша, жеке тұлғалар бюджетке жер және мүлік салықтарын өткен жыл үшін ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Көлік салығы ағымдағы жыл үшін 31 желтоқсанға дейін өтеледі.

«Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі», - деді Ә.Абдилов.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық үрдісі жүруде. Оның ережелеріне сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.

Тегтер: