27 Қыркүйек 16:33

Гейлер туралы аңыз бен ақиқат

Фото:
«ЛГБТ-адамдар жаратылысы үшін кемсітушілікке ұшырайды. Зорлық зомбылық көреді», – деген сөзді ЛГБТ

(бұл сөз Lesbian, Gay, Bisexual және Transgender деген сөздердің басқы әріптерінен алынған) қауымдастығы жиі айтады. Осылай сұхбат береді. Гомофобиямен күресуге шақырады. Өз сөздеріне сенсек, олар ешкімді азғырмайтын көрінеді. Өз қазандарында қайнап жатады. Өзгелерде шаруасы жоқ. Жалпы, кейбір деректерге қарағанда, Алматыда – 20, Астанада 4 гей клуб бар. Іздеген адамға, басқа ірі қалалардан да табылады. Қазақстанда осы санатқа кіретін кемі 240 мыңдай адам бар деседі. Оның үстіне, танысып, кездесуге шақыратын сайттары, әлеуметтік желілерде құрып алған топтары қаншама? Олар тек гомофобия болмаса екен дейді. Расында солай ма?

Ешкімді азғырмай ма?

Бірақ бес саусақ бірдей емес. Момақандық – гейлер шығарған аңыз ғана. Олардың арасында «ереже» бұзатындары аз емес. Натуралдарға қырындайтын жаман әдеттері де кездеседі. Бұған бірді-екілі мысал келтіре кетуге болады. Әрине, белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөнін өзгертіп көрсетеміз.

Бірінші оқиға – Сәкеннің әңгімесі:

– Мен досымның тойынан шығып, такси ұстап тұрғанмын. Көптен кездеспеген жолдастар бір бас қосқанда, арақты артығырық ішіп қойыппын. Мас болғаныммен, есімді білемін. Бір кезде еңгезердей бір жігіт қасыма келді. Қазақтың әп-әдемі жігіті. Бой десе бойы бар, түр десе түрі бар. Көп қыздар ғашық боларлықтай-ақ жігіт.

Ымдап темекі сұрады. Бір талын бердім. Әңгімеге тартқан едім. Ол өзінің мылқау екенін сездірді. Жап-жас жігіттің кемтарлығын аяп кеттім. Бірақ ол түсі өзгеріп, бұтымды түрткілей бастады. Басында ештеңе түсінбей қалдым. Шалбардың сырмасы ашылып қалғанын немесе бірдеңеге былғап алғанымды меңзеп тұр ма деп, ауыма еңкейіп қарай бердім.

Сөйтсем, ыммен не қалап тұрғанын анық түсіндірді. Аңтарылып қалдым. «Жоғал!» деп айқайға бастым. Он шақты қадам әрі кетіп, тағы қалт тұра қалды. Қайта азғыра бастады. Сол сәтте такси тоқтай қалды. Ақшасына келістім де, көлікке отырып, үйге тарттым. Қазір қарасам, ол гей сол мейрамхананы ұдайы торуылдап, тойдан масайып қайтқан жігіттерді аңдып, құрығына түсіруге дәнігіп алған секілді».

Екінші оқиға – Арманның әңгімесі:

– Бірнеше жылдан бері Алматыда такси жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Басымнан небір оқиғалар өтті. Соның ішінде екі гейдің төсек қатынасына шақырғаны есімнен кетпейді. Әдеттегідей, жолдан бір клиентті алдым. Біраз жүрген соң, қолын саныма апарды. Түсінбедім алғашқыда. Сосын ол: «Сен ұнап қалдың. Көрікті екенсің. Қонақ үйден нөмер алайын. Не ішесің? Не жейсің?», – деп басымды қатыра бастады. Менің ашулана бастағанымды сезіп, райынан қайтып, жалынып кешірім сұрады. Ұрып жіберуге сәл қалдым. Бірақ өзімді-өзім тежедім. Алты айдан соң, дәл осындай оқиға тағы қайталанды. Қалада гейлер көп екен, масқара!

Үшінші оқиға – Ерланның әңгімесі:

– Қырғызстаннан бір делегацияны күтіп алдық. Қырғыздың өнер адамдары екен. Ағайын ел болған соң, барымызды салдық. Дастарханымызды молынан жайып, үш күн күттік. Алматының көрікті жерлерін аралаттық. Кездесулер ұйымдастырдық. Қырғыз бен қазақ қашан да бауырлас ел ғой, олар да жатсынған жоқ.

Арасында бір жігіт бар еді. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Аңқылдап тұр. Әңгімеміз жарасып, қысқа уақыт ішінде айырылмас достарға айналдық. Ол да іші-бауырыма кіріп барады. «Қолың бос болса, кешке қарай қонақ үйге кел, әңгімелесейік. Қонақ үй жанында жақсы мейрамхана бар екен», – деп шақырды. Досымның сөзін жерге тастамай, келістім.

Мейрамханада жүз граммнан алып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бір кезде ол өз өмірі  туралы айта бастады. Жігіттерді ұнататынын да жайып салды. Соның кесірінен достары мен жақындары теріс айналыпты. Шыны керек, аяп кеттім. Бар сырын айтып, досына ішін босатқысы келген екен деп түсіндім. Бірақ жанашыр кейпімді байқаған соң, ол түпкі мақсатын ақырындап жеткізе бастады. Мені қалап тұр екен.

«Мен сенің жағдайыңа түсіністікпен қарап отырмын. Сенің жаратылысың осындай екен. Жақсы-ақ. Әлі де сыйлаймын. Бұл үшін сені жазғырмаймын. Бірақ сен сондай болғанмен, мен ондай емеспін. Сен де мені сыйласаңшы, – деп кесіп айттым.

Көндірдім деген қызы аяқ астынан айнып шықса, жігіттердің қандай күйге түсетінін көргенім бар. Ол да дәл сондай күйге түсті. Жалына бастады. Аяушылық туғызғысы келді. Басымды айналдырудың түрлі амалын жасады. «Әңгіме осымен бітті!» – дедім де, мейрамханадан шығып кеттім.

Бұл мысалдар арқылы гомофобияны қоздыру – мақсатымыз емес. Кім болса да, адамдардың арасында ала да, құла да бар екенін естен шығармаған жөн.

ЛГБТ – жаңа құбылыс па?

Сөз арасында айта кетсек, гей деген сөз француз тілінде «көңілді» дегенді білдіреді. Шынтуайтына келсек, адамзат тарихында ізін қалдырған атақты ғалымдардың, ойшылдардың, әскери қолбасшылардың, өнер адамдарының, суретшілердің, ақындардың ішінде ЛГБТ-ға жататын тұлғалар аз емес. Әрине, гомосексуалды адамдар әр халықтың арасында ежелден болған. Батыс өркениеті мен Қытай, Жапония, яғни Оңтүстік-Шығыс аймақта бұл мәселеге еркіндеу қараған секілді. Ал Орталық Азияда жағдай басқаша.

Мәселен, Шыңғысхан «үстінен түсіп қалса, оларды ешқандай сотсыз, куәгерлерсіз, табан астында өлтіруге» жарлық берген. Ал өңірдегі басты дін – Исламның көзқарасы өздеріңізге жақсы белгілі. Десе де, мұндай қатаң жазалардың өзі бұл құбылысты түп-тамырымен жойып жібере алмағаны анық. Оған Орта ғасырдағы Орта Азия тарихы жазылған «Бабырнама» секілді деректі жылнамалар анық куә бола алады.

Тіпті, Ұлыбритания және Ресей империясы шпиондарының осы өңірдегі көне қалалардың тұрғындары жайлы жазғандарын бетің қызармай оқу мүмкін емес. Өздерін ислам мемлекеті деп жариялаған Ауғанстанда «бәтшағар» немесе бәтша бала ұстаушылар әлі де аз емес. 

Бұл әлсіз топ па?

Рас, дәстүрге берік қазақ қоғамы (Қазақстан қоғамы) ориентациясы өзгешелерге қырын қарайды. Сауалнамаларға қарағанда, халықтың 81,2 пайызы ЛГБТ-ны айыптайтынын айтқан. Сондықтан да болар, олар өзін көп қуғын көріп, қысымнан көз ашпай жүрген әлсіз топ ретінде көрсетеді. Шындығында да солай ма? Енді осыған тоқтала кетейік.

Өздеріңізге белгілі, кез келген қауым – саяси партия, діни ұйымдар болсын, өз идеяларын кеңінен насихаттап, жақтастарын көбейтуге ұмтылатыны анық. Бұл жөнінен ЛГБТ құр алақан емес. Расында, бұл қауымдастық қазір әлемдегі ең ықпалды топ. Адам құқықтарын қорғайтын халықаралық беделді ұйымдар (БҰҰ, Freedom House және тағысын тағылар) арқылы елдердің ішкі саясатына араласып, қолайларына қарай заңдарын өзгертуге де қауқарлы.

«Көңілділердің» өкілдері өнер саласында жиі кездесетіні ешкімге құпия емес. Ашық айтылмағанмен, ел билігін ұстаған шенеуніктердің арасында да бар. Кейде элитаішілік кикілжіңдер кезінде кейбір шенеуніктердің аты-жөні аталып, баспасөз бетінде қылаң беріп қалады. ЛГБТ-ға жататын кейбір журналистердің мәнсап баспалдағымен тез көтеріліп, жоғары лауазымды тұлғалармен жұбы бір жазылмай жүретіндері де отқа май құя түседі.

Батыс қанша қысым көрсетсе де, демократия мәселесінде автократияның пайдасына қарай табандылық көрсетіп келген биліктің сексуалды бостандықтарға келгенде буыны босап кететінін ескерсек, ондағы қолдаушылары мүлде аз болмаса керек.

 

Еліміздегі ЛГБТ тарихы

1997 жылға дейін бұл қауым қылмыстық жазаға тартылып келді. 1998 жылдан бастап ерікті түрде болса, гомосексуалды қатынас заңды саналады. Бірақ Конституция бойынша, біржыныстылардың некесін ресми түрде тіркеуге тыйым салынған. 2009 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Сексуалды ориентация және гендерлік бірегейлік мәселелері жөніндегі декларациясын» қабылдаудан бас тартты.

2009 жылы жынысын өзгертуге ресми түрде рұқсат берілді. 2015 жылы ақпан айында Сенат «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын жасады. Бұған дәстүрлі емес сексуалды қатынасты насихаттау да кіреді. Бұл заң жобасын осы қауымдастыққа жататын 27 қазақстандық спортшы сын тезіне алған-ды.

Freedom House ұйымы: «Балаларды қорғаймыз дегені сылтау ғана, бұл – сөз бостандығын бұзу, гомосексуалдарды кемсіту және төзбеушілікке шақыру», – деп бағалаған. Артынша, 2017 жылы Қазақстанның Конституциялық кеңесі бұл заңжобасын Конституцияға сай емес деп тапты.

Тегтер: