8 Қазан 18:11

Ерлан Қонысбаевтың өліміне қатысты АҚШ елшілігі бізге жауап берді

Фото:

Осыдан бірер апта бұрын Алматыда Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратында 44 жастағы Ерлан Қонысбаев  5-қабаттан секіріп, мерт болған еді.

Ерлан Қонысбаевқа ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімімен «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ерлан Қонысбаев 2016 жылы БҒМ Ғылым комитетінен құны 230 млн теңге болатын грант ұтып алғанын бұған дейін жазғанбыз.

Тергеудің мәліметінше, келісімшартта белгіленген қалған қаражатты қолдануға салынған тыйымға қарамастан, Қонысбаев бөгде компаниялардың (аффилириленген) есепшотына 88 млн теңге аударып, нақты ақшаға айналдырып алған. Ал келісімге сәйкес уағдаласқан жұмыс орындалмаған.

2020 жылы 22 қыркүйекте одан адвокатының қатысуымен күдікті ретінде сұрақ жауап алынды. Тергеу барысында Ерлан Қонысбаевтың бұған дейін бір рет ауыр қылмыс бойынша істі болғаны анықталып, оны ҚР ҚК 128-бабы бойынша уақытша оқшаулау орнына қамау туралы шешім шығарған еді.

Е.Қонысбаевтың туыстары

Ашық дереккөздерге сенсек, бұған дейін Қоныспаевқа шетелдік Meritus Advisory Group LLC компаниясы атынан арыз түскені белгілі болды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың хабарлауынша, Қонысбаев «АҚШ елшілігіне арналған жабдықты, сондай-ақ қомақты ақшаны жымқырды» деп айыпталған.

Осы ақпаратқа байланысты Nege.kz порталы Қазақстандағы АҚШ елшілігіне ресми сауал жолдаған болатын.

Біздің сауалымызға елшіліктің баспасөз қызметінен төмендегідей жауап келді.

«Біз Ерлан Қонысбаевтың қайтыс болғаны туралы қаралы хабарға қайғыра көңіл айтамыз! Сот ісіне немесе басқа да шағымдарға қатысты барлық сұрақтар бойынша біз Сіздерден сол іске қатысты компанияларға байланысуларыңызды сұраймыз».

Қонысбаевтың АҚШ елшілігіне тиесілі жабдықты, қомақты қаражатты жымқырғаны рас па деген сауалымызға Meritus-қа АҚШ елшілігі ешқашан қаражат төлемегенін жеткізді.

«АҚШ Миссиясы ешқашан Meritus компаниясын тікелей жұмыспен қамтыған жоқ және Meritus елшілікті ешқандай құралдармен жабдықтаған емес. Бұрын Meritus мердігердің қосалқы мердігері болып, Қазақстан үкіметіне көмек ретінде берілген жабдықты жеткізуге көмектескен. Meritus-қа АҚШ-тың қаражаты ешқашан төленген емес және жеткізілімдерді сәтті аяқтаған», – деп жауап берді елшіліктің баспасөз қызметі.

Тегтер: