5 Қараша 11:29

Елордалықтар жол бойындағы автотұрақтарға ақша төлеуге міндетті емес

Фото:

  Елорда тұрғындарына «Нұржол» бульварынан басқа, қалалық көше мен жол желісі бойында орнатылған «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС автотұрақтары үшін төлем жасаудың қажеті жоқ.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Қаражатты қайтару туралы кейінірек хабарланады. Бұл туралы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Марат Есеркепов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әкімдіктің мәліметінше, «Астана автотұрақ кеңістігі» ұйымының паркоматтары жұмыс істемеуі керек. «Олар ресми рұқсат алмаған. Азаматтарға Нұржол бульварын қоспағанда, бұл орындарға ақы төлеудің қажеті жоқ. Паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынбағандықтан, қалалық бюджетке қаражат түспеген, ал іс жүзінде адамдар серіктестіктің рұқсат етілмеген паркоматтарына ақша төлеген кезде, ақша серіктестіктің өзіне аударылған», - деп түсіндірді Марат Есеркепов. Көлік басқармасы мемлекеттік кірістер департаментіне «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мақсатында хат жолдады.

«Қазіргі уақытта біз мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін күтіп отырмыз, жауап алғаннан кейін төлем қарастырылмаған тұрақ орындары үшін алынған қаражатты қайтару механизмі туралы қосымша ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», - деп түсіндірді спикер. Еске салайық, Нұр-Сұлтан әкімдігі келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны және талаптарды елемегені үшін сотқа «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы арыз берген. Жабдықты бөлшектеу қажеттілігі туралы серіктестікке бірнеше рет хабарлама жіберілді, өтініштер еленбеді. «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС бірнеше заңбұзушылықтары мен тұрғындардың шағымдарына байланысты елорда әкімдігі жобаны кеңейтуді тоқтата тұру туралы шешім шығарып, келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берді.

Тегтер: