18 Қыркүйек 12:38

Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалған қазақ жауынгерлерінің сүйегі табылды

Фото:

Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалған 600 жауынгер табылды. Бұл туралы «Atamnyn amanaty» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев айтты.

Алматы, NEGE. «Қазақстан жерінен соғысқа 1,5 миллионннан астам жауынгер мен офицер майданға аттанса, соның 271 мыңы із-түзсіз жоғалғандар санатына жатады. Кез келген жауынгер үшін көмусіз қалу және із-түзсіз жоғалғандар тізіміне ену үлкен қасірет саналатын шығар. Сондықтан да біздің бірлестік осы есімдерді ұрпақтарының жадына оралту мақсатында құрылған еді», - деді ол онлайн баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, ол үшін арнаулы сайт құрылған және оған соғысқа аттанып із-түзсіз жоғалған жақындарын іздеген кез келген адам жүгіне алады.

«Биыл 3 мыңнан астам өтінім түскен еді. Оның ішінде 600 өтінімді орындап, ұрпақтарына 600 жауынгердің есімін қайтара алдық», - деді Мұрат Молдағалиев.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында қаза болған 17 солдаттың сүйегі табылды. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жасалған жау авиациясының шабуылынан қаза болған.

1-15 қыркүйек аралығында өткен іздеу жұмыстары барысында №372 және №365 жол айрығында (Сайқын ауылы, Бөкей ордасы ауданы, Батыс Қазақстан облысы) із-түссіз кеткен болып есептелген 17 солдаттың сүйегі табылды.

Тегтер: