12 Қараша 20:54

Болашақты болжаймын: Бақсы-балгерлер сізді қалай алдайды?

Фото:

Болашақты болжаймын десе, екі құлағыңыз елең ете қалатыны рас. Олай еместігін дәлелдеп, қарсылық білдірсіңіз де өміріңіз де бір рет болсын палшы апайдың алдына барғаныңызды өз ішіңіз біледі.

Өмірде шын бақсы-балгерлер бар ма? Бұл сауалға келгенде адамдардың пікірі екіге жарылады. Бірі олар алдайды десе, екіншілері «айтқаны айдай келді» деп шаң жуытпайды. Расымен, «айтқаны айдай келетіндер» бар. Бірақ олардың сиқыр мен ғажайыпқа ешқандай қатысы жоқ! Ғылыми көзқарасқа сүйенсек, мұндай құбылыстарды Форер әсері деп атайды екен.

Өткен ғасырдың ортасында психолог Бертрам Форер ерекше тәжірибе жасайды. Ол өзінің тәлімгерлеріне бірнеше сурет ұсынады да біреуін таңдауларын сұрайды. Сөйтеді де, таңдаған сурет сіздің мінез-құлқыңызды сипаттайтын болады деп сендіреді. Таңдаған суреттерің бойынша мінез-құлықтарыңды жеке-жеке анықтаймыз деген сөзінен тайқып шығып, жасырын түрде бәріне бірдей мінездеме береді. Сосын қулыққа басқан профессор жауаптың қаншалықты дәл келгенін сұрайды.  Тәжірибе нәтижесінде  көпшілігі сипаттаманың мінездеріне тура анықтағанын айтып, таң қалыстарын жасырмайды.

Бертрам Форер

Қазіргі бақсы-балгерлер де осы жүйе бойынша жұмыс істейді. Мысалы:

«Қандай ортада болмасын өзіңізді еркін ұстайсыз. Көңілді мінезіңіз барлығына да ұнайды. Жаныңыз тыныштықты сүйеді. Табиғат аясында серуендегенді ұнатасыз. Сіз айналаңыздағы адамдарға үнемі қамқорлық танытып жүресіз. Және жаныңыздағы жолдасыңызды ешқашан қиын жағдайға қалдырып кетпейсіз. Мейірімділік пен жақсылық ерте ме, кеш пе жеңіске жететініне сенесіз. Кейде уақытыңызды құр босқа өткізіп алдым ба деп уйымға берілесіз. Ешкім сізді түсінбейтіндей, өзіңізді жалғыз қалып қойғандай сезінесіз».

Жоғарыдағы мысалмен сіздің мінезіңізді дәл таптық қой, иә? Әйтпесе, кімнің жаны тыныштықты қаламайды, кім өзін жалғыз сезінбейді дейсіз? Бұл жалпы сипаттама. Сіз оған «мынау дұрыс айтып отыр» деп лажсыз сеніп қаласыз. Шындығында бұл ешқандай да көріпкелдік емес. Мұны ғылым тілімен Форер әсері деп атайды.

Тіпті, сіз іздеп жүріп оқитын жұлдыз-жорамал да дәл осы әдіспен құрастырылады.

Көріпкел: «Айналаңыздағы адамдар сізді көре алмайды екен. Тіпті, жақындарыңыздың арасында сізге жамандық ойлап жүретін әйел бар», - десе соған сеніп, айналаңыздан өзіңізге жау адамды іздеп кетесіз.

Мысалы, бақсылардың жиі пайдаланатын тәсілі мынадай.

«Мен сіздің отбасыңыздан аты «А» немесе «О» әріпінен келетін адамды көріп тұрмын. Ол кім», - деп сұрайды. Сіз керекті ақапарттың барлығын өзіңіз-ақ оңай жайып саласыз: «А-дан келетін інім бар. Аты – Алмас. Өзі соңғы кездері ауырып жүр еді». Ары қарай өзіңізге сауал қойып отырып, сіз туралы барлығын біліп алады.

 «Иә, иә көріп тұрмын. Қатты қиналып жүр екен, сендердің қолдауларың керек. Жүрегі, іш құрлысы, бүйрегі, асқазаны....». Дәл осы асқазанына келгенде сіз өзіңіз-ақ оның сол жері ауырғанын білдіріп қоясыз. Бақсы, балгерлер – жақсы психолог болып келеді. Сіздің әрбір қимылыңызды бағып, эмоцияңызды аңдып отырады.

 

Ақылды Ганс әсері

Вильгельм фон Остен мен ақылды Ганс

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында математик Вильгельм фон Остеннің Ганс есімді жылқысы болған. Бір таңданарлығы, дұрыс жауапқа тұяғын тосу арқылы математикалық есептерді шеше алатын болған. Естіген адам жаға ұстамай қоймайтын жағдай. Мұндайды өз көзімен көрген адам ғажайыпқа сеніп қалары сөзсіз. Алайда бұл мүлдем олай емес. Неміс психологы Оскар Пфунгст Ганстың  ешқандай есепті ойша шеше алмайтынын, тек оған сұрақ қойған адамның қозғалысын бақылайтынын анықтаған. Мысалы, Ганс дұрыс санға жақындап қалған кезде сұрақ қойған адам шартты түрде қобалжи бастайды, ал дұрыс жауапты көрсеткен кезде өзін еркін ұстайтын болған.

Ганс дұрыс жауапты осылай анықтайтын болған

Бақсы-балгерлер осы тәсілді де жақсы пайдаланады. Мысалы олар сізге: «Соңғы кезде өміріңізде бір ер... жоқ, әйелмен байланысты мәселе болыпты», - деп айтады. Яғни, ол сізге еркекті бірінші айтты да сосын сіздің реакцияңызды байқады. Еркек дегенде сіз түр бермедіңіз, кейін әйелді айтқанда сіздің бет-әлпетіңіз өзгере бастады. Яғни «әйел» дегені дұрыс болып шықты.

Қармақ тастау әдісі қалай жұмыс істейді?

Сізге қармақ тастап отырып барлығын өзіңізден біліп алады.

- Сізді бір мәселе қатты мазалап жүр, көп қиналғансыз (Бақсы-балгердің алдына барған адамның қиналып жүргені бесенеден белгілі ғой. Бақытты адам бақсы жағаламайды).

- Иә, дұрыс айтасыз қатты қиналып жүрмін.

- Ол сенің жеке өміріңе байланысты болуы мүмкін (Әлбетте, көп адамды жеке өмірі алаңдатады).

Оған да «иә» деп жауап қатасыз.  Егер қателесіп кетсе, ештеңе етпейді. Өйткен, балгер о баста тек болжам түрінде ғана сұрақ қойып отырды. Бұл тәсіл бойынша да жан сырыңызды өзіңіз ақтарасыз. Ары қарай бойыңызда тіл-көздің барын немесе бір сары әйелдің дуалап тастағанын айтады. Дуаны, тіл-көзді тазалап тастамаса, өміріңізде жақсылық болмайды деп шошытады. Сосын сіз бойымдағы бәледен тез құтылайын деп, қалтаңыздағы соңғы тиынды санап бересіз. Көп жағдаайда бақсы-балгерлер осылай жұмыс істейді. Жаттанды сценарий болса да, қиналып тұрған адам әккі балгердің қармағына оңай түседі. Тіпті, оны өзіңіз де аңдамай қаласыз.

Жаратқан тұрғанда жаратылыстан не сұрайсыз? Бақсы да сіз сияқты ет пен сүйектен жаралған қарапайым адам. Оның қолынан бір таңғажайып келеді деп сену - адасқандық. 

Тегтер: