6 Мамыр 08:36

«Богатырь Көмір» басшылығына серфинг тақталары не үшін керек?

Фото:

Телеграм-каналдардың бірінде «Богатырь Көмір» ЖШС 3 млн теңгеге 11 серфинг тақтасын сатып алуға тапсырыс бергені туралы дерек шықты.

Энергетика салысының алпауыты «Самұрық-Энергоның» қарамағындағы «Богатырь Көмір» ЖШС басшыларына серфинг тақтасы не үшін керек болды екен, ә?

Серфинг. Фото: ғаламтордан

Түсінікті болуы үшін айта кетейік, серфинг – су спортының бір түрі. Спортшы теңіз толқынымен тайталаса жүзіп отырып, неше түрлі қимыл-қозғалыстар жасайды. Спортшы пайдаланатын тақтайшаны «серфинг тақтасы» деп атайды.

Серфинг тақтасының көлеміне, сапасына, брендіне қарай бағалары да әртүрлі. 100 мың теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін барады. «Богатырь Көмір» басшылары 3 млн теңгеге 11 серфинг тақтасын сатып алуды ұйғарса, олардың алмақ дүниесін арзан деуге келмейді – әрқайсысы 272 мың теңгеден.

Тілшіміз жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ресми сайтын парақтап көрді. Онда былай депті: «Бүгінгі күні «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне Екібастұз көмір бассейнінде шығарылған барлық көмірдің 70 пайызы және Қазақстан Республикасында шығарылатын көмірдің жалпы көлемінің 40 пайызы тиесілі. «Богатырь Көмір» ЖШС ашық тәсілмен көмір шығару бойынша әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі, оның баланстық қоры – 2,62 миллиард тонна. Кәсіпорынның өнідірістік күші жылына 42 млн тонна көмірді құрайды, оның ішінде «Богатырь» кеніші бойынша – 32 миллион тонна, «Северный» кеніші бойынша – 10 миллион тонна. Қазіргі уақытта «Богатырь Көмір» ЖШС еңбек ұжымының жалпы саны 6,5 мың адамнан тұрады».

Н.Корсаков

Бас директоры Николай Корсаков көрші елде бірқатар қызмет атқарған екен. Соған қарағанда, «Самұрық-Энерго» басшылары оны Ресейден аттай қалап алдырса керек.

Қош, сонымен «Серфинг тақталары не үшін керек?» деген сұраққа қайта оралайық.

«Богатыр Көмір» ЖШС-да бас директор Николай Корсаковтан бөлек бірінші орынбасар, жай орынбасарлар мен директорларды қосқанда, тағы төрт басшы бар. Корсаковтың өзімен бесеу. Бірақ серфинг тақталары он бір, сонда қалған алты тақта кімдер үшін?

Әрі-бері ойлап, мынадай болар деп пайымдадық: Қазақстанда өндірілетін көмірдің 40 пайызын шығарып отырған ірі компанияның бес басшысы жазда «толқыны тайдай тулаған» ыстық елдердің біріне демалысқа баруды жоспарлауы мүмкін. Және бұлардың жалғыз бармайтыны тағы белгілі. Сонда, барлығы он тақта. Ал енді артылған тағы бір тақтаны «қажет болар» деп ала салуы әбден мүмкін ғой...

Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман, «Богатырь Көмір» ЖШС-ға серфинг тақталары басқа не үшін керек болуы мүмкін? Кеніштен көмір қазу үшін емес екені белгілі ғой...

Тегтер: