12 Наурыз 14:23

Алматыда нан сатып алуға НЕГЕ шектеу қойылды?

Фото:

Осыдан біраз уақыт бұрын «Алматыда бір адамға бес наннан артық сатылмайды» деген Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ақпараты тараған болатын.

Nege.kz сайты осы ақпаратқа қатысты Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдаған болатын. Қаланың Кәсіпкерлік және Инвестиция басқармасының жауабына сәйкес нан сатуға шектеу «Ақсай» «ХБК» ЖШС дүкендерінде белгіленген екен. 

«Алматы қаласындағы әлеуметтік нанның ірі өндірушісі «Ақсай» «ХБК» ЖШС фирмалық дүкендерінде бір қолға 5 бөлкеден аспайтын нан сату бойынша шектеулер белгіленген болатын», - деп хабарлады басқарма өкілдері. 

Бұл халықты (әлеуметтік) нанмен қолжетімді бағамен теңгерімді қамтамасыз ету үшін қолданылады. 

«Бұндай шара көтерме сауда көлемдері бөлшек сауда арналары арқылы сатып алынбауы үшін, алыпсатарлардың таңертеңгі уақытта өнімнің барлық көлемін одан әрі аса жоғары бағамен қайта сату үшін сатып алатын жағдайларды болдырмау үшін қолданылған болатын», - делінген ресми жауапта. 

Алайда, мұндай шектеулер тек Ақсай нанға қатысты. Қаланың басқа дүкендерінде нан сатып алу мөлшеріне байланысты шектеулер қойылмаған. Қала дүкендерінде нан қоры жеткілікті.  

«Ақсай» «ХБК» ЖШС өкілдері тілшіміздің сауалдарына тек ресми сауал жолдаған жағдайда ғана жауап беретінін айтты. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, ішкі нарықтың астыққа есептік қажеттілігі жылына шамамен 9,8 млн тонна. Астық эквивалентіндегі астық пен ұнның экспорттық әлеуеті маркетингтік жылдың басында 8,5-9 млн.тонна деңгейінде бағаланған. 

Тегтер: