Әлеуметтік кодекс қашан енгізіледі?

04 мая, 19:02

Фото: google.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызмет департаментінің директоры Асқар Ниязов БАҚ өкілдеріне Әлеуметтік кодекстің тұжырымдамасы қалай әзірленіп жатқанын айтып берді.

Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік заңнаманы бір Кодекске шоғырландыруды тапсырған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сол тапсырманы орындау үшін арнайы жұмыс тобын құрып, кодекстің тұжырымдамасын жасап жатыр.

Тұжырымдама жобасы биыл шілде айына дейін әзірленіп, жыл соңына дейін мақұлдануы керек. Ал келесі жылы сол тұжырымдама негізінде заңнамалық жобасы дайындалып, Парламентке енгізіледі. Асқар Ниязов тұжырымдаманы әзірлеуге тартылған 100-ге жуақ сарапшының ішінде кімдер бар екенін айтты.

«Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік қызметшілерден бөлек құжатты әзірлеуге ынта білдірген азаматтық ұйым өкілдері, Парламент мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Осы күнге дейін де кодекстің тұжырымдамасын әзірлеу барысында көпшіліктің назарында болсын деп жарияға салдық. Тұжырымдаманы әзірлеуге ынта білдірген кез келген адамға шектеу жоқ», - деген департамент директоры көпбалалы аналардың арасынан құрылған ұйымдар да тұжырымдамға өз ұсыныстарын қосқанын айтты. «Әзірге ондай ұйымдардан ешқандай өкілі нақты жұмысқа қатысқан жоқ. Бірақ өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатыр», – дейді министрлік өкілі.

Асқар Ниязов әлеуметтік саладағы заңдар мен нормалардың бәрін бір кодекске біріктірудің не үшін қажеттігін де түсіндірді.

«Мемлекет басшысы бұл туралы тапсырма берген кезде саладағы заңнаманы халыққа түсіндіруде қиындықтар бар екенін атап өткен болатын. Азаматтар өзі құқығын толық білмегендіктен оны дұрыс іске асыра алмай отырғанын, саладағы заңнамалық нормалардың шашыраңқы екенін де айтты. Яғни, әлеуметтік заңнаманы түсіну халыққа қиындық туғызып жатады. Ең басты критеридің бірі – азаматтарға түсінікті тілде жазылуы керек. Ал басты мақсат – әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың бәрі бір кодекске біріктірілетін болады», – дейді маман.

Оның сөзінше, қазіргі таңда әлеуметтік салада бір кодекс, 16 заң және 150-ге жуық заңнамаға тәуелді нормативтік-құқықтық акт бар. Осы норманың бәрі бір Әлеуметтік кодекстің айналасына қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазыла отырып, жинақталады. Сондай-ақ, ол әлеуметтік салаға тұтастай кодекс арнау көптеген елдердің тәжірибесінде жоқ екенін атады.

«Жұмыс тобы кодекс тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әлемдегі тәжірибені зерделеді. Көп елдерде мұндай кодекстің баламасы жоқ екенін байқадық. Дамыған еуропалық елдердің көбінде әлеуметтік кодекс қарастырылмаған. Әр ел өзінің ұлттық заңнамасына, ұлттық қасиетіне және өзінің қажеттілігіне қарай жасайды. Ал біздің ең басты мақсатымыз – әлеуметтік шараларды адам туғаннан бастап қартаю шағына дейінгі кезеңдерге қарай баптар бойынша реттеу. Мысалы қазір бала туған кезде берілетін жәрдемақылар бар. Балаға қараушы адамға мүгедек балаға немесе мүгедек болған азаматқа, жұмысқа тұру барысында, зейнетке шыққан кезде төленетін төлемдер бар. Жұмыс барысында мүгедектікке душар болса, ол басқа заңнамамен қарастырылады. Яғни саладағы түрлі жағдайлар түрлі заңнамамен реттеліп отыр. Жаңа кодексте соның бәрі бір арнаға тізбектеліп, тарау-тараумен жасалады», - деді Асқар Ниязов.

Министрлік өкілі кодекс қабылданып, күшіне енген кезде әлеуметтік көмек пен төлем түрлерін алу үшін азаматтардың құжат жинауы міндетті болмайтынын айтты. Бұл мәселеде мемлекеттің ұстанымы айқын – мемлекеттік көмек адамға тиесілі, ол өздігінен көрсетілуі тиіс.

«Осыған дейін іске асып жатқан проактивті тәсіл бар. Яғни, азаматтың өтініш бергенін күтіп отырмай, автоматты түрде берілетін көмектер бар. Мемлекеттік көмек адамға тиесілі ме, ол өздігінен көрсетілуі тиіс. Қазір бәрі осы қағидатқа көшіріліп жатыр. Президент тапсырмасы бойынша, биыл шілденің соңына дейін тұжырымдаманы әзірлеп бітуіміз қажет. Кодекстің заңнамалық жобасы келесі жылдың соңына дейін Парламентке енгізіледі. Яғни, биыл кодекстің тұжырымдамасы ғана дайындалады», – деп нақтылады Асқар Ниязов.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации