6 Қаңтар 11:32

Ақтөбеде қаза тапқан кеншілер отбасына қанша өтемақы төленеді?

Фото:

Ақтөбеде шахтада қаза тапқан кеншілер отбасына төленетін өтемақы көлемі белгілі болды.

Алматы, NEGE. Еңбек инспекторларының айтуынша, компания қара жамылған отбасыларға Ақтөбе немесе Хромтаудан үй алып беруге міндеттелген

Ақтөбе облысындағы мыс компаниясының шахтасында қаза тапқан марқұмдардың отбасына 20 миллион теңгеден өтемақы төленетін болды. Сондай-ақ, жетім қалған балалары кәмет жасқа толғанша әкесінің жалақасы беріледі.

Осыдан алты күн бұрын Ақтөбе мыс компаниясында төрт кенші шахта ішінде газға уланып қаза тапқан. Тағы бір жұмысшы жарақат алып, қазір үйінде емделіп жатыр.

Қазіргі кезде осы оқиғаға қатысты республикалық комиссия тексеру жүргізуде. Оның құрамына мыс компаниясының жұмысшылары да кірді. Өйткені, қайғылы оқиға болған түні кеншілер тексеруге араластыруды сұрап талап қойған. Ал төрт жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, нақты кімнің жауапқа тартылатыны әзір белгісіз.

Дегенмен марқұмдардың отбасына қазірден бастап көмек көрсету тапсырылған. Еңбек инспекторларының айтуынша, Ақтөбе мыс компаниясы қара жамылған отбасыларға Ақтөбе немесе Хромтаудан үй алып беруге міндеттеліпті. Одан бөлек несиелері болса, толық жауап беруге тиіс. 

«Жұмысшылардың ұсынысы әрі бастамасымен ұжым атынан өкілдер қатысады. Жазатайым оқиғаға ұшыраған адамдардың отбасына әлеуметтік көмек көрсету мәселелері анықталып жатыр. Атап айтқанда, үй мен несие мәселесі шешіледі», – деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының инспекторы Артур Әуезов.

Бұған дейін хабарланғандай қайғылы оқиға 30 желтоқсан күні «Ақтөбе мыс» компаниясына тиесілі "Весенне-Аралчинская" шахтасында болған. Бір жарым шақырым тереңдіктегі жарылыс жұмыстары төрт адамның өмірін қиды.

Оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Төтенше жағдайдың соңғы себептері тергеу толық аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Алдын ала ақпарат бойынша, белгісіз газбен улану ер адамдардың өліміне себеп болуы мүмкін. Қазіргі кезде шахтадағы барлық жұмыс тоқтатылды. Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыратын еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды.

 

Тегтер: