14 Шілде 15:09

Аймағамбетов оқушылардың мектепке қай кезде баратынын хабарлады

Фото:

Республика бойынша науқастардың саны азайғанда денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауымен 1-5 сынып оқушылары мектепке барады.

Алматы, NEGE. «Бірінші тоқсан аяқталғанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарады деп сенеміз. Соған қарай біз білім беру мекемелерінің жұмысын қалпына келтіру стратегиясын әзірлеп қойдық. Мектептер қалай ашылады? Ең бірінші кімдер сабаққа барады? Қандай талаптар болады? Міне, осының бәрі бекітілді», - деді Аймағамбетов онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, республика бойынша науқастардың саны азайғанда денсаулық сақтау министрлігі тиісті нұсқау береді. Сол кезде 1-5 сыныптар штаттық режимге көшіп, мектепке барады.

«Одан кейін науқастардың саны тағы азайса, 6-11 сыныптар сабаққа барады. Бірақ қатаң санитарлық талаптар болады. Ал «жасыл деңгей», яғни елімізде науқастар мүлдем тіркелмегенде мектептегі шектеудің бәрі алынады. Барлық пән дәстүрлі форматта өтеді», - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Тегтер: