Тағдыр тауқыметін тартқан жүз әйел көлік жүргізуді тегін үйреніп шықты
Астанада inDrive компаниясының Qyz Joly әлеуметтік жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Жоба аясында жүз әйел көлік жүргізуді, автокөлікке күтім жасау мен өзін-өзі қорғау тәсілдерін меңгеріп, қаржылық сауаттылық бойынша білім алды.
Астана, NEGE. Жобаға қатысушылардың қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, дағдарыс орталығынан көмек алған әйелдер де бар. Солардың бірі – 34 жастағы Қарлығаш. NEGE тілшісіне Қарлығашпен аз-кем сұхбаттасып, өмір жолы, армандары мен жоба жайында сұрап-білудің сәті түсті.
Кейіпкеріміз Өзбекстанда туып, өскен. 25 жасында тұрмыс құрып, жолдасымен бақытты ғұмыр кешуден дәмелі болған. Алайда отбасылық бақыты ұзаққа бара қоймапты. Ұлы дүниеге келгеннен кейін күйеуінің мінезі өзгеріп, ішімдікке әуестеніп, әйеліне қол көтеруді шығарған. Қарлығаш отбасын сақтап қалуға тырысып, барынша төзіп баққанымен, жағдай түзеле қоймаған.
«Жолдасым ең жақын адамым болған соң, түзелер, дұрыс жолға түсер деп үміттендім. Тұрмыстық қиындықтарды да бірге өткердік. Өзім жұмыс істеп, жағдайымыз жақсарды. Алайда әке-шешем болмаған соң, қорғайтын ешкімім жоқ екенін біліп, маған түрлі қылықтарын көрсете берді. Жаңа өмір бастасақ деген ниетпен Қазақстанға келдік. Бірақ жағдай өзгермеді. Жолдасымның ішімдік ішіп, қол көтеруі үдей түсті. Ақырында амалсыздан полицияға шағымдануға тура келді. Оған дейін тірі жанға тіс жармай, бәріне шыдап келдім», – дейді ол.
Екі баласымен бірге баспанасыз қалған әйелдің Қазақстанда қалудан басқа амалы болмаған. Барар жері болмағандықтан, полиция қызметкерлерінің кеңесімен «Қорғау» дағдарыс орталығына орналасыпты.
«Баратын жерім жоқ екенін, дәл қазір Ташкентке де орала алмайтынымды айтып едім, полиция қызметкерлері осындай дағдарыс орталығы барын, аяққа тұрып алғанша көмектесетінін айтып, сол жерге баруға кеңес берді. Дағдарыс орталығына солай келдім», – дейді Қарлығаш.
Дағдарыс орталығының басшысы мен ұжымы екі баламен жалғыз қалған Қарлығашқа барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созған. Өзі де қол қусырып отырмай, жаз бойы аспаздың көмекшісі болып жұмыс істепті, күзде аспаз қызметіне ауысқан. Жұмыс істей жүріп, inDrive компаниясының Qyz Joly әлеуметтік жобасына қатысып, көлік жүргізуді меңгеруге де уақыт тауыпты.
«Бұл бағдарлама "Қорғау" дағдарыс орталығының директоры Анна Рыльдің өзі жаздырып, оқуға жіберді. Өзім де көлік жүргізуді үйренгім келетін. Сондықтан қуана келістім. Бұрыннан жүргізуші куәлігін алып, көлік айдасам деген арманым бар еді. Дағдарыс орталығы мен Qyz Joly жобасы сол арманыма бір табан жақындауыма жол ашты, көлік жүргізу курсын тегін оқытты», – дейді кейіпкеріміз.
Қарлығаштың дағдарыс орталығынан кеткеніне бір ай болған. Жұмыс кестесі балаларына көңіл бөлуге мүмкіндік бермегендіктен, қазір жұмыссыз отырғанын айтады. Қазіргі уақытта екі баласымен пәтер жалдап тұрып жатыр. Ол алдағы уақытта жеке кәсіппен айналысып, баспаналы болғысы келетінін айтады. Несиеге көлік алып, кешкі уақытта такси жүргізіп қосымша табыс тапқысы келетінін де жасырмады. Алайда әзірге азаматтығының болмауы бұл жоспарына кедергі болып отыр екен.
«Өзбекстан азаматы болғандықтан, әзірге жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеу мүмкіндігім болмай тұр. ХҚКО-ға барсам, азаматтық алу мәселесін жаңа жылдан кейін қарастыратындарын айтты. Қазір не істерімді білмей қалдым. Өзбекстанға оралайын десем, ол жақта ешкімім жоқ. Екі баламмен жалғызбын, қолдау көрсететін адамым жоқ», – дейді ол.
Қарлығаштың айтуынша, қазір оның басты арман-мақсаты – Қазақстан азаматтығын алып, жеке кәсіппен айналысып, баспаналы болу, ұлы мен қызына жайлы өмір сыйлау.