Зорланған Нұрсұлтанның зары: Селтановтың қызметі тағы өсті
2018 жылы Түркістан облысының Абай ауылында 7 жастағы бала зорланды. Бұл аса ауыр қылмыс қоғамды дүр сілкіндірді. Экс-президент Н.Назарбаевтың өзі бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінде қатқыл мәлімдеме жасап, істі тежеп отырғандарды жауапқа тартуды тапсырған. Алайда осыдан кейін кінәлілердің тасы өрге домалап жүре берді...
Зорланған баланың есімі – Нұрсұлтан Б. Ол оқыған №74 мектептің директоры сол кездегі ОҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановтың жеңгесі, ал балаға сараптама жасаған дәрігер оның ағасы екені белгілі болды.
Зорлық көрген бала әжесі екеуі Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда ІІД қызметкерлері оларды пойыздан түсіріп алғаны және бұл Б.Селтановтың тікелей бұйрығымен жасалғаны айтылды.
Осы оқиғадан кейін Бауыржан Селтановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігімен «билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұл қылмыстық іс сиырқұйымшақтанып барып ақыры тоқтап тынды да, Б.Селтанов Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Ізін суыту үшін. Зорланған баланың аянышты тағдыры үшін алған «жазасы» осы болды.
Фото: Informburo.kz
Осыдан соң Селтанов қайтадан қызмет сатысымен «көзге түспей» өрлей берді. Ол көп ұзамай ол Түркістан қалалық Полиция департаментінің бастығы болды.
Полиция шенділері зорланған Нұрсұлтанның тағдырын жұрт ұмытты деді ме, жуырда Селтанов Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды.
Тұрақты оқырмандарымыздың бірі редакцияға Түркістан облысты Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор М.Қабденовтің бұйрығын жіберді.
Онда былай дейді: «Полиция полковнигі Сапар Бауыржан /Ц-665395/ Түркістан қаласы полиция басқармасының бастығы лауазымынан босатылып, C-SVO-2 санаты бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалсын».

Сапар Бауыржан деген адам – Бауыржан Селтановтың өзі. Бұған дейін ол Бауыржан Сапарұлы Селтанов болса, енді ол өзінің тегін өзгертіп, Сапар Бауыржан болып шыға келген.
Түркістан облыстық полиция департаментінің сайтында бастықтардың тізімінде Сапар Бауыржанның, яғни Бауыржан Селтановтың аты-жөні бесінші болып тұр.
Фото: gov.kz
Яғни, бұйрық күшіне енген. Ол енді департамент бастығы М.Қабденовтің бес орынбасарының бірі.
Жалпы, тегінен бас тартқандардың ұшпаққа шыққаны жоқ. Бұған Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының (Әлиев) іс-әрекеті мен тағдыры мысал...
Бірақ әзірге Селтанов селт етер емес. Ол «тегімді ғана емес, 7 жасар баланың да тағдырын жұрт ұмытты» деп ойлайтын болса керек, сірә. Ештеңе ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да!
Міне, бұл іс осылайша Назарбаевтан Тоқаевқа «мұра» болып қалды. Мұндай «мұра» Жаңа Қазақстанға қажет пе?