USD
USD
USD

Журналистер Құрылтай депутаттарымен енді қалай жұмыс істейді – Аппарат түсіндірді

Құрылтайда журналистердің депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен жұмыс істеу тәртібі өзгереді. Жаңа форматтың қалай жұмыс істейтінін Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков түсіндірді. 

жаңа құрам
Фото: Aqorda.kz

Астана, NEGE. Болат Кальянбеков Facebook парақшасында Құрылтай ғимаратындағы БАҚ жұмысының жаңа форматына қатысты түрлі пікір айтылып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ол негізгі өзгерістерге жеке-жеке тоқталды.

Ең басты өзгеріс – журналистердің депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен барлық коммуникациясы енді баспасөз орталығында және Құрылтайдың күн тәртібі аясында өтеді. Брифингтер тұрақты ұйымдастырылып, оған кімдердің қатысатыны мен тақырыбы алдын ала хабарланады.

«Біздің мақсатымыз – Құрылтайда қаралатын заң жобаларының мәнін қоғамға барынша түсінікті әрі толық жеткізу, әрбір құқықтық жаңашылдықтың маңызын ашып көрсету және қабылданатын шешімдердің азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру», – деді ол. 

Ал Құрылтайдың күн тәртібіне қатысы жоқ мәселелер бойынша депутатқа сұрақ қойғысы келген журналистер Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметтеріне жүгіне алады. Аппарат өкілінің айтуынша, бұл жағдайда баспасөз қызметі депутатпен сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі.

«Баспасөз қызметі депутатпен жедел түрде сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі. Айта кетейік, кейбір БАҚ өкілдері бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде пайдаланып үлгерді және баспасөз қызметі тарапынан оларға қажетті барлық қолдау көрсетілді», – делінген жазбада. 

Кальянбеков ұсынылып отырған тәртіп Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес келетінін мәлімдеді. Жаңа аккредиттеу қағидалары Құрылтай Бюросында қабылданбақ. Сондай-ақ Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан болғандықтан, онда өткізу және нысанішілік режим талаптары қолданылады.

Оның сөзінше, жаңа форматты әзірлеу кезінде басқа елдердің парламенттеріндегі БАҚ жұмысының тәжірибесі де зерттелген.

«Әлемнің жетекші парламенттерінде БАҚ өкілдерінің депутаттармен өзара іс-әрекеті, әсіресе сұхбат алу, телевизиялық тікелей қосылымдар мен түсірілімдер жүргізу арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады. Бұл журналистерге кәсіби жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасап, Құрылтай депутаттарымен коммуникацияны жүйелі әрі ұйымдасқан сипатқа көшіруге мүмкіндік береді», – деп жазды ол. 

Осылайша, жаңа тәртіп бойынша журналистер Құрылтайдың күн тәртібіндегі мәселелерді депутаттармен баспасөз орталығында талқылайды. Ал күн тәртібінен тыс тақырып бойынша жеке сұхбат қажет болса, оны Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметі арқылы ұйымдастыру қарастырылған.

Қазір оқып жатыр

Жамбыл облысында қоқыс контейнерінен табылған сәбидің анасы полицияға жеткізілді

Қарағанды

Қазақстанда электр энергиясы тарифтері тағы өзгеруі мүмкін

Электр энергиясы

Қазақстанға кіру шетелдіктер үшін енді 4 мың теңге болуы мүмкін бе?

паспорт

Мұхтар Тілеуберді қайта сыртқы істер министрі атанды

Мұхтар Тілеуберді