19 Ақпан 11:55

Жұмыста әріптестерімен бас қосып, дастархан жайғандар айыппұл төлеуі мүмкін

Дастархан
Фото: pixabay.com

Әріптестермен жұмыс орнында туған күн немесе қызмет бойынша жоғарылауды атап өткенде дастарханға алкоголь қойылса, айыппұл салынады немесе әкімшілік қамауға алынады, деп мәлімдеді ІІМ. 

Алматы, NEGE. Қазақстанда алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас болу әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Ал қазақстандықтар жұмыс істейтін ұйымдар мен кәсіпорындардың көбі қоғамдық орынға жатады. 

ІІМ қоғамдық орындарға білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, кітапханалар мен мұражайлар, мемлекеттік органдардың мекемелері жататынын айтты. 

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабына сәйкес, «алкогольдік ішімдікті сатуға рұқсат етілген сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа жерлерде: көшеде және басқа да қоғамдық орындарда ішсе немесе мас болса, оған бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» (2024 жылы 18 460 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (2024 жылы 36 920 теңге) немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.

«Осы бап бойынша әкімшілік іс қозғау үшін жеке немесе заңды тұлғаның өтініші талап етілмейді», – деп түсіндірді ІІМ.

Полиция қызметкерлері қоғамдық жерде алкогольдік ішімдіктер ішкен және мас болған адамға қатысты хаттама толтыра алады.