Жұмысқа кірісетін мекемелерде қауіпсіздік қатаң бақыланады
Сонымен 20 сәуірден бастап Алматыда бірқатар кәсіпорын жұмысқа кіріседі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Осы уақытқа дейін қалада азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істеп келді. Енді арнайы рұқсат алған соң, қаланың экономикасын құрайтын негізгі салалар жұмысын бастайды. Алайда еңбек ұжымдары санитарлық қауіпсіздікті қатаң сақтауы тиіс. Атап айтса, қала әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінен тұратын комиссия кәсіпорынның жұмысты қайта бастауға дайындығын тексереді. Талапқа сай болғанда ғана рұқсат құжаттар рәсімделеді.
Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин: "16 сәуірден бастап жаңа мәліметтер базасы жасақталды. Қала аумағынан тыс жерлерде тұратын азаматтардың өтініштері жаңа базаға тіркелуде. Жаңа платформаның техникалық ерекшеліктері бар, яғни азаматтың мекенжайы және жеке мәліметтерді де көрсетеді. Сондықтан 20-нан бастап жұмысқа кірісетін мекемелердің қызметкерлерінен түскен қалада жүріп-тұруға қатысты өтініштер қысқа мерзімде қаралады" деді.