Жұмыс күні аяқталғаннан кейін мұғалімдер ата-аналар чатындағы сұрақтарға жауап беруден бас тарта ала ма?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін ата-аналардың мұғалімдерге чат арқылы сұрақ қойып, хабарласуына қатысты министрлік ұстанымын түсіндірді.
Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, министрлік ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынасқа шамадан тыс шектеу енгізуді көздемейді. Отбасы мен мектеп арасындағы байланыс маңызды болғанымен, кез келген қарым-қатынас белгілі бір ережелер мен өзара құрметке негізделуі тиіс. Сондықтан, министдің түсіндіруінше, ведомство қарым-қатынастың нақты ережелерін белгілеп, ата-аналар чатындағы хабар алмасудың тәртібін қалыптастырмақ.
Ведомство басшысының айтуынша, орта есеппен педагог бір күнде шамамен алты академиялық сағат сабақ береді. Егер бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы болса, алты сабақ барысында педагог шамамен 150 баламен тікелей жұмыс істейді. Олардың әрқайсысын тыңдап, бағалау қажет. Біреуге тақырыпты қайта түсіндіру керек, біреуді қолдау қажет, енді біреуге қосымша тапсырма беру керек. Сабақ аяқталғаннан кейін де мұғалімнің жұмыс күні бітпейді. Ол дәптерлерді, бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнгі сабақтарға дайындалуы қажет.
«Ең бастысы, мұғалімнің де жұмыс уақыты және жеке уақыты бар екенін ұмытпауымыз керек. Егер мұғалімдердің келесі күні балалардың алдына қайтадан сергек, мұқият, сабырлы әрі кәсіби маман ретінде шығуын қаласақ, оларға демалып, күш-қуатын қалпына келтіруге мүмкіндік беруіміз қажет. Сондықтан ата-аналар чатындағы мәселе – байланыс орнатуға тыйым салу мәселесі емес, қарапайым өзара құрмет мәселесі», – деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл ретте министр балаға қатысты шұғыл әрі маңызды хабарламаларға мұғалімдердің жауап беруіне шектеу қойылмайтынын атап өтті.