Жұманғарин Таяу Шығыстағы қақтығыстан Қазақстанға қандай қауіп келетінін айтты
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында Израиль, АҚШ және Иран арасындағы қазіргі әскери қақтығыс салдарынан Қазақстанға қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екенін айтты.
Астана, NEGE. Жұманғариннің айтуынша, бұл жағдай Қазақстанның логистикасына айтарлықтай әсер ете қоймайды.
«Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс көптен бері жүріп жатыр, логистика соғыс жағдайын ескере отырып әлдеқашан қалыптастырылған. Ал Парсы шығанағына келсек, негізінен бұл бағыттағы логистика басым бағыт болған жоқ. Біз Парсы шығанағы порттарын өте сирек пайдаландық. Иә, жөнелтілімдер болды, бірақ бүгінде қандай да бір мәселе туындайтындай емес. Себебі ол жаққа қатынау қиын. Бұған инфрақұрылымның жағдайы себеп; онда транзит айтарлықтай ұзақ уақыт алады, арақашықтық қысқа болып көрінсе де, екі елден өту керек және т.б. Сондықтан қазіргі таңда бұл жағдай логистикаға әсер етеді деп ойламаймын», – дейді Жұманғарин.
Оның пікірінше, негізгі қауіп мұнай бағасының тұрақсыздығы аясында теңге бағамының ықтимал ауытқуы болып отыр.
«Мұнай бағасының құбылуы, әрине, валюта бағамына, бағам айырмашылығына әсер етеді. Валюта бағамының құбылуы – жақсы нәрсе емес. Бұл мәселені біз Ұлттық банкпен бірге қарастырып жатырмыз.
Әдетте мұнай бағасы өссе, ұлттық валюта нығаяды. Бірақ мәселе теңгенің нығаюында емес, мәселе – құбылмалы болуында. Өйткені ол алаңдатады. Ал бізге тұрақтылық қажет, өйткені экономиканы дамытуға қатысты нақты жоспарларымыз бар. Біз жаңа проактивті экономикалық саясатты жарияладық, "Бәйтерек" холдингін капиталдандырдық, ірі жобалардың тізімін айқындадық. Бұл жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр. Бізге мақсатқа жету үшін, ең бастысы, тұрақтылық қажет. Менің ойымша, біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, бізге тұрақтылықтан басқа ештеңе қажет емес», – деді ол.
Бұл ретте премьер-министрдің орынбасары республикалық бюджет қайта қаралмайтынын, сондай-ақ қазір мұнай бағасынан әлдеқайда маңызды дүние бар екенін баса айтты.
«Бізді қазір мұнайдың саудаланып жатқан бағасынан гөрі гуманитарлық мәселе көбірек алаңдатады. Біз қақтығыстың мүмкіндігінше тезірек аяқталып, тараптардың бейбіт келісімге келгенін қалаймыз.
Иранмен және ЕАЭО елдерімен еркін сауда режимі туралы келісімге қол қойылған, сондықтан сауда белсенді жүріп жатыр. Парсы шығанағы елдерімен де белсенді сауда байланыстары бар. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарымен де жақсы қарым-қатынас орнаған – жыл сайынғы тауар айналымы шамамен 4 млрд доллар», – дейді ұлттық экономика министрі.
Бұған қоса Жұманғарин Қазақстан тарабы жағдайдың тұрақты әрі болжамды болуына мүдделі екенін атап өтті.