Жұманғарин «Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?» деген сұраққа жауап беруден бас тартты
Республикалық бюджетке қатысты өткен Құрылтай брифингінде БАҚ өкілдері премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен «Өзіңізді баймын деп есептейсіз бе?» деп сұрады. Алайда шенеунік бұл сұрақ жеке өміріне қатысты екенін айтып, жауап беруден бас тартты.
Астана, NEGE. Айта кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгермек. Бұған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов келесі жылдан бастап әлеуметтік көмек отбасының мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай берілуі мүмкін екенін айтты. Соның салдарынан ауқатты отбасылар бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды қоса алғанда, бірқатар төлемнен айырылуы мүмкін.
Ал Жұманғарин отбасының табысы туралы мәліметтер бұған дейін жарияланған декларациядан белгілі. Министрдің жұбайы Сәния Садықова 2024 жылы бағалы қағаздарға салған инвестициясынан 88,7 млн теңге табыс тапқан. Сол кезде Ұлттық экономика министрлігі Серік Жұманғариннің жалақысынан басқа табысы жоқ екенін мәлімдеген болатын.
2023 жылы Жұманғарин отбасының Ақтөбеде бұрын 10 пәтері болғанын да растаған. Оның айтуынша, баспана шенеунік болмай тұрған кезде отбасылық компаниясы арқылы салынған. Кейін салықты оңтайландыру мақсатында пәтерлер өз атына қайта рәсімделген. Сол кезде ол журналистерге: «Мұнда ешқандай қылмыс жоқ» деген еді.