Жұлдызы жанған Жазылбекова

Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова АҚШ-та «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығымен марапатталды. Отандасымызға аталған марапат Қазақстан мен ҚХР бірлесіп түсірген «Композитор» фильміндегі рөлі үшін берілді.
Алматы, NEGE. 2016 жылдан бері өткізілетін «Golden screen awards» шарасы киноиндустрияның халықаралық ынтымақтастықта дамуына жол ашады. China Film Co Production корпорациясы, Hollywood Reporter және Америка кино қауымдастығының қолдауымен өтетін «Golden screen awards» қытайлық және шетелдік кино студияның бірігіп түсірген үздік киноларын марапаттайды. «Композитор» фильмі «Golden screen awards» марапаттау шарасында жылдың «Ең үздік киносы», «Ең үздік музыка», «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел рөлі» сынды 4 номинация бойынша марапатталды.
Еске салайық, «Композитор» фильмінің тұсаукесері ағымдағы жылдың 17 мамыр күні елордада өткен болатын. Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында (1941-1943 жылдар аралығында) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Картина екі ел арасындағы ынтымақтастық пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді. Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және қытайлық «Shineworks Pictures», «China film coproduction corporation» компаниялары бірге түсірген.