Жұқпалы ауруханалар Covid жұқтырғандарға тола ма?

Елімізде эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Бүгін Алматыда 510 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.
Ауруханаға түсіп жатқандардың саны күннен-күнге артып жатыр. Тіпті, әкімдік өкілдерінің өзі қаладағы жұқпалы ауруханалардағы стационарда орын жоқтығын қаперге салуда.
28 наурыздағы мәлімет бойынша 23 310 адам коронавирус инфекциясынан (21 007 КВИ+ және 2 303 КВИ-) емделіп жатса, олардың ішінде 7 811 пациент стационарда, 15 499 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі. Ал КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: 348 адамның жағдайы ауыр; 81 пациенттің жағдайы өте ауыр, 52 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Жалпы, карантин талаптары күшейтіліп жатыр дегенге де сену қиын. Арнайы мониторингтік топтар тек мейрамхана маңын торуылдап, той өткізушілермен ғана алысып жүргендей көрінеді. Ал әуежай, халық көп жиналатын қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық сақталып отырған жоқ. Сенбесеңіз, мынау Алматыдағы жастар көп шоғырланатын «Арбат» аллеясы. Мұндағы жұрттың сақтық шараларынан хабары жоқ дерсің. Тіпті, маска режимін де ұмытып кеткен.
Мына суреттегі И.С.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурухана қызу жұмыс істеуде. Білетіндердің айтуынша, жаңа ауруханаға вирус жұқтырғандарды әкеліп жатқан жедел жәрдем қызметіне дамыл жоқ. Кейбір ауруханаларда вируспен ауырған науқастарды қабылдамай, жедел жәрдем көліктерін қайтарып жатыр деген ақпарат айтылды.
Тіпті, науқастар ауруханаға дәл осындай кезекпен түсіп жатса, онда жағдай қиын деген сөз. Бірақ Алматы қаласы әкімдігі де, бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин де тұшымды жауап бермей отыр.
Ол ол ма, «Қаланы жауып тастамасын деп, аурулар саны екі есе азайтылып көрсетіледі» деген дерекке не айтар екен? Бұл пікір қайдан шықты? Оны растай ма, әлде жоққа шығара ма? Әрине, оның бетін әрі қылсын. Бірақ қалада 29 наурыздан бастап карантин шектеулерінің қатаңдатылуы да кездейсоқ емес.
Қазір Алматыда коронавирустың мутацияға ұшыраған штамдары анықталған. Оның жұқтыру көрсеткіші 70%-ке дейін жоғары, әрі тез тарайды екен. Сондықтан да қалада қауіпті вирус жұқтырудың жоғары деңгейі сақталып отыр. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасы арқылы «Almaty live» студиясында тікелей эфирге шығады. Бәлкім, коронавирус індетіне байланысты жаңа деректерді әкімнің аузынан еститін болармыз.