26 Қараша 15:42
...

Жуырда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе? Мамандар пікірі.

Фото:

Соңғы кезде Алматы қаласына жақын аймақта бірнеше рет жер сілкінді. Қараша айының өзінде ғана екі рет дүмпу сезілді. Мәселен, 6 қараша күні Алматыдан 226 шақырым жердегі Кеген, Шалкөде, Ұзынбұлақ елдімекендерінде күші 4,3 баллдық жер сілкінісі тіркелгенде, жұрт шошып қалды. 

Дүмпу 8 қараша күні тағы қайталанып, Алматыдан 420 шақырым жерде (Қытайға қарай) 4,8 балл болды. Алда қалай болады? Мамандар не дейді?

Осы аптада Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мекеменің жыл соңына дейінгі болжамын айтты. Оның айтуынша, елімізде жер сілкінісі туралы болжам жылына екі мәрте – жыл басында және соңында жасалады. «Алматы қаласы маңында 7 балл және одан жоғары жер дүмпуі болмайды. Ұсақ жер сілкіністері қорқынышты емес», – деді Н.Өзбеков.  

Алайда, бір ай ішінде жер астының екі рет дүмпуі халықты үрейлендірмей қоймайды. Біз көкейдегі сауалдарды Сейсмология институтының директоры Досым Сүлеевке қойдық.

– Алматы қаласына жақын жерде қараша айында жер дүмпуі бірнеше рет байқалды. Бұл ненің белгісі? Алдағы уақытқа қандай болжам бар?

– Қараша айының 6 және  8-і күні болған сілкіністің біріншісі Алматы қаласынан 226 шақырым, екіншісі 440 шақырым жерде, Қытайда болды. Мұндай сілкіністер қауіпті деп саналмайды. Бұлар сол жердегі жер қыртысының сілкініс шырқының қалыпты денгейі болып есептеледі. «Алдағы уақытта не күтіп тұр?» дегенге келсек, Сейсмология институтының мамандары күшті жер сілкінісін орта мерзімдік болжамы туралы жасаған байламы бойынша, Алматы өңірінде магнитудасы 5,5-ке тең, қарқындылығы 7 баллдан жоғары күшті жер сілкінісі болмайды.

–  Әсіресе, Алматы қаласының тұрғындары алаңдаумен өмір сүріп келеді. Халық неден сақтануы керек? Маман ретінде кеңесіңізді айтсаңыз.

– Алматы өңірі, Алматы қаласы – сейсмологиялық қауіпті аймақ. Бұл өңірде бұрындары бірнеше мәрте жойқын жер сілкінісі болды. Соның салдарынан кезінде қала бірнеше рет қираған. Қала орналасқан жер қыртысының ерекшеліктерін ескере отырып, қазір жер сілкісіне төзімді тұрғын үйлер мен ғимараттарды қажетті қаупсіздік талаптарына сай салу да қала әкімшілігі тарапынан ескерілген.

Алматы өңірінде күшті жер сілкінісі болу қаупі туралы айтатын болсақ, Сейсмология институтының мамандары биыл жыл басында Алматы сейсмикалық қауіпті аймағы үшін жер сілкінісінің орта мерзімдік болжамын жасады. Бұл болжам жылдың ортасында нақтыланған. Болжау байламы тиісті мемлекеттік мекемелерге жіберілді. Байлам бойынша, алаңдауға негіз жоқ. Күшті жер сілкінісі болмайды. Сондықтан алматылықтарға айтарым: «Әбіржімей, тыныш ұйқтаңыздар!».

«Бұл – лотерея ойыны сияқты»

Тілшіміз Сейсмология институтының бұрынғы директоры Әнуар Боранбаевқа да хабарласып, пікірін сұрады.

Ол былай деді: «2021 жылға арналған болжам ақпан айының соңында жасалады. Жер сілкінісін алдын ала болжау – өте қиын. Мұндай мүмкіндік Құдайдан басқа ешкімге берілмеген. Сондықтан алдағы жылы жер сілкінісі бола ма, жоқ па, дөп айту мүмкін емес. Егер жер сілкінісін бір болжаса, Жапония сияқты технологиясы дамыған елдер алдын ала білер еді ғой. Мұның бәрі апта сайын, ай сайынғы жинаған материалдарға сүйеніп жасалады. Бұл дұрыс па, жоқ па, білмеймін. Болжам жасау оңай, ал егер ертең қатты жер сілкінісі болса, кім жауап береді? Бұл кәдімгі – лотерея ойыны сияқты». 

Тегтер: