23 Мамыр 18:31

Жошы хан туралы ағылшын тіліндегі тарихи сериал түсіріледі

Жошы хан
Фото: syrboyi.kz

«Дара» президенттік бастамалар қоры Karga Seven Pictures компаниясымен бірлесе отырып, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның өмірінен сыр шертетін ағылшын тіліндегі алты бөлімді гибридті деректі драманы түсіруді бастады, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Сериалда Жошы ханның өмір тарихы арқылы Алтын Орда империясының даму кезеңдері көрсетіледі.

Сериалға креативті директор Эмре Шахиннің жетекшілігімен Karga Seven Pictures продюсерлік етеді.

Өндіріс 2024 жылдың күзінде Қазақстан мен Түркияда басталады деп жоспарланып отыр.

Karga Seven Pictures Netflix үшін 90-нан астам елде үздік 10 сериалдың қатарына кірген «Империяның өрлеуі: Осман империясы» және «Өсиет: Мұсаның басынан кешкендері» сияқты ірі тарихи деректі драмаларды түсірген.

Фото: Dara президенттік бастамалар қоры

– Жошы ханның өмір тарихы керемет, ол әлем көрермендері арасында үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Осы ауқымды тарихи жобаны іске асыру үшін Dara қорымен ынтымақтасу – біз үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті Karga Seven Pictures креативті директоры Эмре Шахин.

2024 жылы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толады.

Осы атаулы датаға арналған тарихи деректі жоба мемлекеттігіміздің санғасырлық тарихын қамтымақшы.