Жол-көлік оқиғасы кезінде көліктің ресми мәртебесі неге маңызды?
Қазақстанның автомобиль нарығы рекордтық өсім көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елге шамамен 237 мың жеңіл автокөлік импортталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 56,7%-ға көп. Көлік ақаусыз жүріп тұрғанда, оның қайдан және қалай әкелінгеніне көп адам мән бере бермейді. Алайда жол-көлік оқиғасы болғаннан кейін көліктің тарихы, заңды түрде рәсімделуі және тіркеу құжаттарының ашықтығы иесінің мүліктік мүддесіне тікелей әсер етуі мүмкін.
NEGE тілшісі жол апаттарына қатысты статистиканы, «көлеңкелі» импорт туралы деректерді және аудиторлар бағасын зерттеп, тартымды бағаның артында қандай тәуекелдер жасырынуы мүмкін екенін анықтауға тырысты.
Қазақстандағы «көлеңкелі» импорттың өсуі автодилерлер мен мемлекеттік органдардың мәселесі болудан әлдеқашан қалған. Сала сарапшыларының бағалауынша, тек 2025 жылдың алғашқы бес айында көліктердің алғашқы тіркеуге қою үлесі 35%-ға жеткен. Мәселе жүздеген мың автокөлік пен бюджетке түспей қалған миллиардтаған теңге көлеміндегі ықтимал түсімдер туралы болып отыр.
Көлік жол апатына түспейінше, көптеген мәселелер көзге көрінбеуі мүмкін. Ал апат болған кезде көліктің шыққан жері, оның заңды түрде әкелінгенін және құжаттарының толық рәсімделгенін тексеру көп жағдайда өзіндік сынаққа айналады. Ал көліктің тарихы неғұрлым күрделі болса, оның иесі үшін қаржылық салдары да соғұрлым ауыр болуы ықтимал.
«Көлеңкелі» схемалар арқылы әкелінген көлікті сатып алған қазақстандықтар толық қорғалған деп айта алмаймыз. Өйткені мұндай дилерлік орталықтардың күтпеген жерден жабылып қалуы және қарапайым кепілдіктің болмауы туралы оқиғалар көпшілікке жақсы таныс.
Дегенмен нарық сарапшылары мұндай үнемдеудің нақты тәуекелдері сатып алу сәтінде емес, әлдеқайда кейінірек байқалады дейді. Атап айтқанда, көлік жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, сот дауының нысанына айналғанда немесе қайталама нарыққа шығарылғанда бұл мәселелер айқын көріне бастайды.
Көлік жүріп тұрған кезде сұрақ туындамайды
«Көлеңкелі» арналар арқылы әкелінген автокөліктердің басым бөлігі сырт көзге ресми дилерлерден алынған көліктерден еш айырмашылығы жоқ.
Мәселе басқа жерде. Импорт көлемі артқан сайын пайдалану тарихы күрделі көліктердің саны да көбейіп келеді. Реэкспорт алаңдары арқылы Қазақстанға АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропадан бұрын сақтандыру жағдайына түскен, елеулі зақым алған немесе қайта сатылар алдында қалпына келтіру жөндеуінен өткен көліктер әкелініп жатыр. Бұған автомобиль нарығының өкілдері мен салалық сарапшылар бірнеше рет назар аударған.
Жол апаты болғанға дейін мұндай тарих еш белгі бермеуі мүмкін. Алайда ЖКО-дан кейін көліктің құны, келтірілген залал көлемі және оны әрі қарай пайдалану мүмкіндігі мүлде басқа тұрғыдан бағаланады.
Жол-көлік оқиғасы: көлік тарихының тазалығына сынақ
Бас прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шеккендер саны 51,5 мың адамнан асты. Ал сақтандыру нарығы бұдан да көп апатты есепке алып отыр. Сала сарапшыларының бағалауынша, өткен жылы әртүрлі деңгейдегі шамамен 140 мың ЖКО болған. Соның салдарынан 280 мыңға жуық автокөлік зақымданған.
Дәл осындай жағдайлардан кейін көліктің шыққан жері мен тарихына қатысты ерекшеліктер айқын көріне бастайды.
Егер көліктің пайдалану тарихы ашық болмаса, ол бірнеше рет тіркелген, ел ауыстырған немесе бұрын күрделі жөндеуден өткен болса, оның нарықтық құны расталған сервистік тарихы бар көліктерге қарағанда төмен болуы мүмкін.

Көлік иесі үшін бұл тікелей қаржылық шығынға әкеледі. Оның тарихын анықтау қаншалықты қиын болса, кейін сату кезінде және қалдық құнын бағалағанда тәуекел де соншалықты жоғары болады.
Көліктердің «көлеңкелі импорт» экономикасы
Бұл мәселенің ауқымы бұдан да кең.
Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, көліктердің «көлеңкелі» импорты салдарынан бюджетке келуі мүмкін шығын көлемі 71,2 млрд теңгеден асады. Аудиторлар мыңдаған жеке тұлғаның көлік құралдарын белгіленген тәртіптен тыс әкеліп, іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын анықтаған.
Бұдан бөлек, Қаржылық мониторинг агенттігі 1,8 мыңнан астам автокөліктің заңсыз тіркелгенін хабарлаған. Осы деректер бойынша мемлекетке келтірілген залал 11,8 млрд теңгеден асқан. Соңғы жылдары ондаған қылмыстық іс қозғалып, жалпы құны 31 млрд теңгеден асатын автокөліктерге тыйым салынған.
Бұл көліктің шыққан жері жеке меншік иесіне ғана емес, тұтас нарықтың тұрақтылығына да әсер ететінін көрсетеді.
Неліктен ресми мәртебе маңызды?
«Көлеңкелі» импорт көлемі артқан сайын автокөліктің ресми мәртебесі жай ғана формалдылық емес, экономикалық мәні бар факторға айналып келеді.
Тіркеу тарихының ашықтығы, көліктің шыққан жерінің түсінікті болуы және расталған сервистік құжаттардың бар-жоғы оның өтімділігіне, қайта сату кезіндегі бағасына және сатып алушылардың сеніміне тікелей әсер етеді.
Көлік ешқандай оқиғаға ұшырамай пайдаланылып жүрген кезде бұл артықшылықтар байқалмауы мүмкін. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік оқиғасы болғанда немесе көлікті сату қажет болғанда дәл осы факторлар шешуші рөл атқарады.
Импорт көлемінің рекордтық өсуі мен жол апаттарының көбеюі аясында нарық бір қарапайым заңдылыққа көз жеткізіп келеді: көлік сатып алған кездегі бастапқы үнем әрдайым оны ұстау шығыны төмен болады дегенді білдірмейді. Көлік тарихы қаншалықты күрделі болса, нақты шығынның алғашқы ірі сақтандыру жағдайынан немесе ауыр жол апатынан кейін анықталу ықтималдығы да соншалықты жоғары.
Қазір оқып жатыр
Бектенов Ресейдегі конференцияда Қазақстанның Ұлы дала мен Алтын Ордаға қатысты тарихи ұстанымын айтты
ChatGPT Қазақстанға қосымша 1,8 миллиард теңге салық төледі
Шымкентте 100 мың теңге пара алды деген күдікпен полиция полковнигі ұсталды
Уақытылы игерілмеген 83 млрд теңге Ұлттық қорға қайтарылмаған – Әлихан Смайылов