Жол инфрақұрылымының жаңғыруы: жаңа көлік дәліздері және өңірлердің дамуы
Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстанда соңғы жеті жылда жол инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы кезеңде елімізде республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 25 мың шақырымнан астамы салынып, реконструкцияланды және жөнделді.
Қазақстандағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы шамамен 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға, ал 71 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға, өңірлердің байланысын арттыруға және жол желісінің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.
2019 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 68 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 91 пайызға жетті. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайыздан 94 пайызға дейін өсті.
Негізгі жобалардың бірі – еліміздің ірі қалалары Астана мен Алматы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін «Қарағанды – Алматы» автожолын реконструкциялау болды. Жоба аясында трассаның жекелеген учаскелері кеңейтіліп, көпірлер мен жол өтпелері жаңғыртылып, жаңа көлік айрықтары салынды.
«Талдықорған – Өскемен» автожолында реконструкция жүргізіліп, заманауи асфальт бетон жамылғысы төселіп, жол инфрақұрылымы жаңартылды. Өткен жылы Қытаймен мемлекеттік шекараға шығуды қамтамасыз ететін және шығыс бағытының транзиттік әлеуетін күшейтетін «Қалбатау – Майқапшағай» трассасын реконструкциялау аяқталды.
Осы жылдар ішінде іске асырылған ірі жобалар қатарында «Қостанай – Денисовка», «Ақтөбе – Қандыағаш – Атырау» автожолдарын, сондай-ақ «Астана – Павлодар», «Ақтау – Жетібай», «Меркі – Бурылбайтал», «Атырау – Астрахань» трассаларының реконструкциясы да бар. Бұл жолдар өңіраралық қатынасты дамытуда және ел ішіндегі экономикалық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Жекелеген маңызды жоба ретінде «Үшарал – Достық» автомобиль жолын жаңғыртуды атауға болады. Жобаны іске асыру жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және Қазақстан-Қытай шекарасындағы логистикалық тораппен көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік берді.
Қызылорда облысының аумағында «Қызылорда – Жезқазған» автожолы реконструкцияланды. Көптеген жылдар бойы осы трассаның жай-күйі жүргізушілер мен жолаушылар тарапынан сынға ұшырап келді. Қазіргі уақытта жолдың Ұлытау облысы аумағындағы учаскелерін реконструкциялау жалғасуда.
«Ұзынағаш – Отар» жобасы аяқталды, соның арқасында Алматы мен Шымкент арасындағы көлік дәлізінің негізгі учаскелерінің бірінде төрт жолақты қозғалыс қалыптасты.
Сонымен қатар, Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір және Шақпақ-Баба асуындағы автомобиль тоннелі пайдалануға берілді.
Соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 2023 жылы пайдалануға берілген Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) болды. Жолдың көпшілік учаскелерінде алты жолақ, ал жекелеген бөліктерінде төрт жолақты қозғалыс бар. Жоба аясында жеті көлік айрығы, ондаған көпірлер мен жол өтпелері салынды. Бұл құрылыс мемлекет пен жеке сектор әріптестігі аясында жүзеге асырылып, Орталық Азиядағы ауқымы жағынан ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарына қосылды. ҮАААЖ транзиттік қатынасты Алматы қаласының сыртына шығаруға мүмкіндік беріп, қаланың көше-жол желісіне түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетті.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 10 мың шақырым жол қамтылмақ. Жұмыстар елдің негізгі бағыттарында, оның ішінде «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Қарқаралы», «Қостанай – Мамлютка», сондай-ақ «Өскемен – Семей» автожолдарында жүргізілуде.
Ағымдағы жылы орташа жөндеумен шамамен 5 мың шақырым жолды қамту жоспарланып отыр, ал жыл соңына дейін жаңартылған трассалардың шамамен 2 мың шақырымын пайдалануға беру көзделген.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың арқасында стратегиялық көлік дәліздері қалыптасып, жаңартылды. Бұл дәліздер еліміздің өңірлері арасындағы жылдам әрі қауіпсіз байланысты орнатады, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық көлік маршруттарының интеграциясын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағы арқылы жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырым болатын сегіз халықаралық автомобиль көлік дәлізі өтеді.
Көптеген жылдар бойы қаржыландыру тапшылығы болған жергілікті жол желісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Іске асырылып жатқан жобалар қатарында «Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс» жолы, Қызылорда қаласы әуежайына кіреберіс жол, Амангелді ауылына кіреберіс және басқа да бірқатар нысандар бар.
Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу және жөндеу қазірдің өзінде айтарлықтай экономикалық тиімділік беріп отыр. Бизнестің көліктік шығындары азайып, жүк тасымалы жылдамдап, өңіраралық сауда дамып, шағын және орта бизнес өсіп, аймақтардың инвестициялық әлеуеті өсуде. Заманауи автожол желісі халықтың мобильділігін, ішкі нарықтың дамуын және елдің транзиттік әлеуетін нығайтуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикалық кеңістігінің каркасынаайналуда.
Жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары әрі қарай жалғасуда.