«Козачков менен өш алмақ» – Қоғам белсендісі журналистің үстінен арыз түсіретінін айтты
Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында әлдекімнің бір әйелді соққыға жығып, сүйрелеген видеосын жариялап, оның қоғам белсендісі Арман Шораев екенін мәлімдеген болатын.
Бұл фактіге қатысты Астана қаласы Полиция департаменті пікір білдіріп, әйеліне қол көтеріп, дене жарақатын салу фактісі бойынша А.Ш есімді азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді. Алайда, Арман Шораев өзінің «жасанды интеллект құрбаны» болғанын хабарлады.
NEGE тілшісі мән-жайды қоғам белсендісінің өзінен сұрап көрді.
– Журналист М.Козачковтың әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасындағы әйелін ұрып жатқан ер адамды сіз деп айтты. Өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Меніңше, бұл – Козачковтың менен алып жатқан өші. Өйткені, кезінде Бишімбаевты қорғап, қолдағаны үшін, ақшаға арын саудалағаны үшін «оңбаған» деген едім. Дәл сол сияқты қазір де біреудің тапсырысын орындап отыр деп білемін. Бұл іспен қазір заңгерлерім айналысып жатыр. Екі-үш күнде мән-жайы түсінікті болады деп ойлаймын.
– «Азаматтық некедегі әйелі» дегенді қайдан шығарып отыр?
– Иә, соны түсінбедім. Осы айтқаны үшін, басқа әрекеті үшін заң бойынша жауапқа тартылады.
– «Жасанды интеллект құрбаны болдым» деген екенсіз. Сіздің дене бітіміңізді жасанды интеллект арқылы жасаған деп ойлайсыз ба?
– Нақты білмеймін. Маған білетін жігіттер солай айтты. Қазір жасанды интеллектпен неше түрлі жасауға болады ғой.
– Сіз демалыс күні қайда болып едіңіз?
– Үйде болдым. Біз Шучинскі қаласында тұрамыз.
– Ал бейнежазба қайда түсірілген? Сол арқылы дәлелдеуге болмай ма?
– Оның қайда түсірілгені туралы білмеймін, ештеңе айта алмаймын.
– Сіздің сыртыңыздан қаралап жатқандарға не айтасыз?
– Оларға не деймін? Біреуге жамандық жасасаң, өзіңе он есе болып қайтады.
– «Мұның астарында Шораевтың Украинаны қолдап, Ресейдің озбырлық әрекетін әшкерелеуі жатыр» деген пікірлерді көз шалды. Бұған не дейсіз?
– Өз басым ешкімнің тапсырмасын орындайтын азамат емеспін. Ал мына пікірге қатысты Козачков сияқты бірдеңені ойлап шығарып, жария етуден аулақпын. Сондықтан аз-кем күтейік, бәрі белгілі болады. Жалпы, оның артында кім тұрғаны қызық емес. Ал жала жапқаны үшін жауапқа тартылады.
– Демек, бейнежазбадағы әйелді соққыға жыққан ер адам сіз емессіз бе?
– Жоқ, мен емес. Маған қарсы ешқандай арыз түскен жоқ. Мен өзім осы іс бойынша арыз түсіремін.
Редакциядан: Видеодағы әйел туралы «ол астаналық белгілі адвокат екен» деген де әңгіме тараған. Алайда сайттардың біріне түсініктеме берген «белгілі адвокат» әлгі видеоға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, жеке мәліметтерін жариялауға тыйым салыпты.