«Жылына 4000 тонна қалдық өңдейміз» – Айбек Рахым Қазақстанның экожүйесін қалай өзгертіп жатыр?

Қазақстанда жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам қалдық пайда болады, оның тек аз бөлігі қайта өңдеуге жіберіледі. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – елдің маңызды экологиялық мәселелерінің бірі. Дегенмен, жағдайды өзгертуге көмектесетін бастамалар бар, олардың бірі – Айбек Рахым құрған ECOSEN компаниясы.
Экологияға әлеміне алғашқы қадам
Айбек Рахымнің экология әлеміне қадам басуы экологиялық қозғалыстардан емес, нақты ғылымдарға қызығушылықтан және табысты бизнес құруға деген ұмтылысынан басталған. Дегенмен, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бизнес идеяға тек 2012 жылы назар аударған. Өзінің айтуынша, әкесі оған екі бизнес-жоспарды зерттеуді ұсынғаныпты, олардың бірі қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты болған.
Әкесі өмірден өткеннен кейін, ол 2014 жылы осы жобаны қайта қолға алыпты, сол кезде Айбек 11 сыныпта оқып жүрген. Қалдықтарды сұрыптау бойынша жобаны әзірлеп, CleanUp жабдығына инновациялық патент алады, бұл қалдықтарды қоқыс контейнерлеріне түспей тұрып сұрыптауға мүмкіндік береді. Бұл жоба оның экология әлеміне алғашқы қадамы болды.

Қалдықтарды сұрыптау жүйесі өз тиімділігін көрсеткенімен, оны енгізу үшін қажетті қаржылық ресурстар жетіспеді. Дегенмен, ол инновациялар саласында «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық конкурсында үшінші орынды жеңіп алып, Қазақстанның кез келген университетінде білім алу құқығына ие болады. Айбек Алматыдағы IT университетін таңдап, өз идеяларын дамытуды жалғастырды.
Жас кәсіпкер «уақытты жейтін» іс-әрекеттерден бас тартып, толықтай ECOSEN жобасына ден қояды, сонымен қатар мобильді қосымшалар әзірлеу үшін бағдарлама жасауды үйренеді. Бұл оған оқуды және бизнесті қатар жүргізуге мүмкіндік берді. Президенттік стипендия мен Есенов стипендиясы да біршама демеу болып, жобасын дамытуға көмектесті. Одан бөлек, конкурстарға қатысып, өз идеясын жетілдіріп, жобасын коммерциялық тұрғыдан тұрақты етуге ұмтылды. Қазір ECOSEN – еліміздегі бірегей жоба.
Қалдықтан – жаңа өнімге
Компания «жасыл офис» концепциясын енгізу бойынша қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдауды алғашқы болып бастады. Осылайша ECOSEN арқылы жыл сайын 4000 тонна қалдық полигонға жіберілмей қайта өңделеді де, жаңа өнімдерге айналады.
Макулатурадан дәретхана қағаздары, майлықтар, қаптама жасалады, ал әйнек қайтадан шыны бөтелкелерге айналады. ПЭТ-бөтелкелер синтепонға, пластик гранулаларға айналып, жаңа бөтелке болып шығады. Бұл экологияға жүктемені айтарлықтай төмендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға көмектеседі.

Отызға жетпей орда бұзу
Айбек Рахым – Forbes-тің «30 жасқа дейінгі 30» тізіміне енген кәсіпкер. Оның жасы қазір 28-де. Отызға толмай орда бұзған жас кәсіпкердің жобаларын халықаралық қоғамдастық бағалап отыр. Осы танымалдықтың арқасында ECOSEN компаниясы халықаралық компаниялардың сеніміне ие болып, жаңа серіктестер мен клиенттер тартуға мүмкіндік алды.
Болашақта бизнесті автоматтандыру қажет екенін Айбек Рахым жақсы түсінеді. Қазір компания фандоматтар әзірлеуде, фандоматтар пластик бөтелкелерді, алюминий банкілерді және шыны бөтелкелерді автоматты түрде қабылдайды. Бұл жаңашылдық қайта өңдеу процесін жеңілдетіп, халықтың экологиялық бастамаларға қатысуын жеделдетеді. Сонымен қатар, компанияның өндірістік қуаттын арттырады.
Бүгінде ECOSEN ай сайын 300 тонна қалдықты қайта өңдейді. Болашақта компания өндірістік алаңдарын 2500 шаршы метрге кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, қалдықтарды қайта өңдеу үшін өз аумағында жаңа жабдық орнатуды жоспарлап отырған кәсіпорынмен келіссөз жүргізуде. Бұл логистикалық шығындарды азайтуға және өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ECOSEN Қазақстандағы жетістіктерімен тоқтап қалған жоқ, шетел нарығына шығып, экологиялық мәселелерді халықаралық деңгейде шешуге кіріспек. Айбек Рахым жас кәсіпкерлерге өз жобасын бастау үшін қыруар қаржы қажет емес екенін айтады.
«Алдымен ойға алған нәрсені бастап көріңіз. Нәтижеге ақшасыз-ақ қол жеткізіңіз. Миллиондаған доллар тартудың қажеті жоқ. Процеске назар аударыңыз, нәтижесі қоғамға пайда әкелетініне көз жеткізіңіз», – дейді ол.
Зере НАРБЕКОВА.