Жыл рейтингі: Теңге бағамын кім дәл болжады?

2019 жылдың басы - теңге бағамына қатысты не түрлі болжамдардың дәуірі болды. Экономисттер екі лагерьге бөлінді, бірі - доллардың құны 400 теңгеден аспайды дегендер, екінші топ - теңге төмен құлайды деп сендіргендер. Бар болжамның дұрыс не бұрыстығын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан Nege.kz теңге бағамына қатысты пікір білдірген сарапшылар рейтингін жариялайды.
1-орын. Айдархан Құсайынов
Кезінде теңгенің жыл соңында долларға шаққандағы бағасы 400 болуына еш экономикалық негіз жоқ деп мәлімдеген азамат. Болжам коридоры сай келді. Жалпы бұдан кейін Айдархан Құсайыновтың болжамдарына құлақ асуға болады. Себебі ол макроэкономикалық жағдай бойынша терең түсінігі бар, сонымен бірге саяси ортаның ықпалын да сезе білетін сарапшы. Біз оған сөзсіз бірінші орын береміз.
Фото: camonitor.kz
2 орын. Олжас Құдайбергенов
Олжас – ұлттық валюта әлеуетіне сенетін экономист. Жыл аяғындағы теңге бағамына келгенде, ол ең алдымен экономикалық жағдайды емес, Ұлттық Банктің теңгені психологиялық межеден ары апармайтынын дәлел қылып келтірген болатын. Қазір Ұлттық Банк үшін де, халық үшін де 400 психологиялық меже. Доллар 400 теңгеден қымбаттаса, онда ұлттық валюта сенімнен біржолата айрылуы мүмкін.
inbusiness.kz фото: Мария Матвиенко
3-орын. Арман Бейсембаев
FXPrimus сарапшысы Арман Бейсембаев девальвациялық спекуляцияға сенбейтінін және нақты экономиканың оған ешқандай әсері жоқтығын айтқан болатын. Валюта бағамына келгенде ол Ұлттық Банктің теңгені уысынан шығармайтынына сенімді. Нақты бір межеленген коридордың арасында ғана толқулар болмаса, бағамның 400 теңгеден асатын сценарийлері жоқтығын білдірген еді.
Фото: zonakz.net
4-орын. Ерлан Ибрагим
Үшінші орыннан кейін сарапшылардың барлығы қателесті. Экономист Ерлан Ибрагим теңгені сенімді түрде 400-дің шекарасынан асырып жібермесе де, «жетіп қалар-ау» деген біртүрлі болжам айтқан болатын. Тіпті ол теңгенің құлдырауын жеделдетіп, 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында теңге құлайды деп кесіп-пішті.
Фото: Courtesy photo
5-орын. Александр Разуваев
"Альпари" компаниясының сараптама департаменті директоры Александр Разуваев теңгеге қатысты болжамында асығыстыққа бой алдырды. Былтыр қыркүйекте баспасөз-маслихатын өткізіп, онда «2019 жылы доллар 400 теңгеден асып жығылады» деген еді. Айтқаны мүлде орындалмады. Біздің ойымызша Разуваевтың мұндай пікіріне мұнай бағасының сол кезде құлауы әсер етті. Бірақ сарапшы қара алтынның қайта құнына жетіп аларын сезе алмады.
Фото: sia.ru
6-орын. Арман Байғанов
Astana Best Consulting Group экономисі Арман Байғановты соңғы орындардың біріне қойдық. Оның себебі бар. Ол 2019 жылдың басында "теңге тек қана АҚШ бюджетінің қабылданбай тұрғандығынан аман отыр, жылдың ортасынан кейін доллар 400 теңгеден асады" деп сенімді түрде айтқан. Сенімді сөйлердің алдында барлық ақпаратты тексеріп алғаны дұрыс еді.
Фото: Хабар24
7-орын. Денис Кривошеев
Ашығын айтсақ, біз Денис Кривошеевті сарапшы деп санамаймыз. Ол блогерлікке жақын. Бірақ теңге тағдырына қатысты батыл пікірлер айтып жүргендіктен тізімге ілінді. Бұл жолы артынан санағанда бірінші болып тұр. Былтыр «доллардың шын бағасы 420 теңге» деп асыра сілтеген еді. Жалпы экономикаға қатысты жаңсақ пікірлерді көп айтатыны байқалады. Сондықтан оның болжамдарына сақтықпен қарауға кеңес береміз.
Фото: Facebook, ҚҰП Атамекен
Биылғы рейтинг жеті сарапшыдан құралды. Nege.kz алдағы уақытта да экономикалық болжамдарды тіркеп, олардың орындалған-орындалмағанын бақылап отырады.