Жыл соңына дейін алты облыста 10 топтық су құбырын салу және реконструкциялау жұмыстары аяқталады

Үкімет баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су жүйесін реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтты. Вице-премьер биыл Қазақстан Республикасының Су кодексі қабылданып, осы жылдың 10 маусымында күшіне енгенін атап өтті.
Алматы, NEGE. Бүгінде 6 мыңнан астам шақырым канал қайта жаңғыртылуда, соның ішінде шамамен 200 мың гектар жерді сумен қамтитын 962 шақырым канал осы жылы пайдалануға берілмек.
2025 жылы Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының реконструкциясы аяқталды, сондай-ақ жыл соңына дейін Түркістан облысындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысын, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасының реконструкциясын және басқа да нысандар бойынша жұмыстарды аяқтау, соымен бірге 105 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін алты облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 10 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Осы жылдың көктемгі кезеңінде Қазақстан су қоймаларына 16,9 млрд текше метр су жиналды. 15,7 млрд текше метр еріген қар суы көл жүйелері мен лимандарға таратылды. Балқаш көліне Қапшағай су қоймасынан 3,8 млрд текше метр су жіберілді. 2024–2025 жылдары Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су жіберілді. Су қоймасының көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін өсті.
Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында фермерлерге қажетті жағдайлар жасалды.
«2027 жылдың соңына қарай су үнемдеу технологияларын қолданатын жерлердің жалпы ауданы 912 мың гектарға дейін жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын құруға, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды; егіндік суды шектен тыс тұтыну тарифі 20%-ға көтерілді; тарифке байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді»
— деп атап өтті Қанат Бозымбаев.