«ЖИЕН» Невскийге НЕГЕ ескерткіш ашып бердік?

ОСАЕВТЫҢ өзі келді.
«Бүгін еліміз үшін, Алматы үшін үлкен оқиға» деп сөзін бастаған ол әрі қарай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ құттықтауын оқуға ойысты.
«Қазақстанның православ азаматтарын құттықтағым келеді. Дипломат, қоғам қайраткері князь Алекстандр Невскийге ескерткіш қойылды. Бұл Алматының бірден-бір адам көп келетін көрікті мекеніне айналатына сенемін», – деген құттықтау хатта.
Ал Владимир МЕДИНСКИЙ Ресей президенті Владимир ПУТИННІҢ құттықтау сөзін, Астана митрополиті Александр Ресей патриархы Кириллдің құттықтауын оқып берді.
Айтпақшы, дәл осы Мединский 2021 жылы Ресейдің бұрынғы мәдениет министрі болып тұрған кезде «Ұлы орыс жері Қазақстан, Украина, Беларусь республикаларына қалай өтіп кеткенін ойлану керек» деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Кейін оның пікірін Ресей президентінің баспасөз хатшысы жуып-шайғаны есте.
Бүгін орыс православтары тайлы-тұяғы қалмай ағылған ескерткіштің ашылатыны туралы ақпараттың шыққанына біраз болған. Мамыр айының басында Қазақстанның митрополиттік аймағының ресми сайтында ескерткіш орнатылатыны айтылып, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың кеше Мәскеуге барып ресейлік мүсінші Салават Щербаковпен кездескені жайлы жазылған.
Сондай-ақ митрополит мүсінші шеберханасына арнайы барып, жасалып жатқан мүсінді көзбен көрген. Бұған қоса аталған ескерткіш Алматыдағы Жансүгіров даңғылы бойындағы Александр Невский шіркеуі аумағына қойылатыны айтылған.
Ескерткіш туралы ақпаратқа көз жүгіртсек, Қазақстан батырларының стилімен жасалған делініпті.
Шіркеудің баспасөз хатшысы Евгений әкей: «Александар Невский мен Сартақ бауыр болған. Сартақ оған өзінің дулығасын сыйға тартқан. Сондықтан Невский ескерткіші – Ресей мен Қазақстан халқының бауырлас екенін білдіретін символ», – деді.
Шіркеу өзі салса, рұқсат керек емес пе?
2021-2022 жылдары Орыстың Православ шіркеуі Алматы әкімдігіне қаланың қоғамдық аумағына Александр Невскийдің биіктігі 5 метрлік ескерткішін орнату бастамасымен жүгінген. Заң талаптарына сәйкес, Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия бұл мәселені бірнеше рет қаралып, Православ шіркеуі өкілдерінің Александр Невскийге арнап ескерткіш орнату жөніндегі өтініші үш рет кері қайтарылыпты.
Тіпті, соңғы рет комиссия осы жылдың мамыр айында ескерткішті орнатудан бас тарқан.
Сол кезде тарихшылар да, комиссия мүшелері де бұл ескерткіштің Қазақстанның тарихына қатысы жоқ екенін сан рет айтқан. Ол ол ма, әкімдік Қазақстанның тарихи тұлғаларына, қазақ хандарына, батырларына ескерткіш орнатуға келгенде «орын жоқ» деп шығатыны тағы бар.
Әуелде ескерткіш шіркеудің сыртындағы аулаға қойылмақшы болған сияқты. Себебі, ескерткіш тұғыры қонатын орын да дайындалған. Бірақ неге екені белгісіз, шіркеудің өз аумағына орналастырыпты.
Александр Невский кім?
Уикипедияда князь Александр Невский туралы: «Князь Ярослав Всеволодовичтің ұлы. Шешесі қыпшақ билеушісінің қызы. Алтын Орда билеушісі Бату хан орыс княздіктерін бағындырғаннан кейін Владимирдің ұлы князі Ярослав өзінің бағынғанының белгісі ретінде ұлы Александрды аманатқа берген. Бату оны өз ордасында өкіл бала ретінде ұстады және үлкен ұлы Сартақпен анда (бауыр) қылды», – делінсе, бір сұхбатында тарихшы Нұрлан Атығаев: «Александр Невский – орыс тарихындағы ірі тарихи тұлғалардың бірі болды. Ол ұлы Князьдіктің белгісін атақты Бату ханның өз қолынан алды.
Бұл ретте, Александр Невскийге деген көзқарас тіпті Ресейдің өзінде де әртүрлі. Бірақ ол өз діні үшін көп қажыр-қайратын жұмсады. Ресейдің католиктік емес, православтық бағытта қалуында шешуші рөл атқарды деп баға берушілер бар. Сондықтан оны XVI ғасырда Орыс православ шіркеуі әулие ретінде ұлықтады.
Нақты тарихи деректер болмаса да, Александрдың әкесі, Владимир князі – Всеволод қыпшақ қызына үйленген деген болжам бар. Бұған қоса, Александр Невскийдің анасы да қыпшақ хандары әулетінен шыққан. Сондықтан оны «жиен» деп айтуға болады.
Александр Невский сол кезеңдегі орыс князьдері арасындағы ең көрнекті дипломаты болды. Ол мақсатты түрде Алтын Орда билеушілерімен бейбіт және достық қарым-қатынасты дамытты. Бату хан оған оң көзбен қарап, ұлы Князь атағын берген. Александр Невский Бату ханның жақсы көретін ұлы Сартакпен дос болып, бауыр тұтқаны жайында да айтылады», – деген.
Ескерткіштке тәу еткен орыс православтарының қуанышында шек жоқ. Біз тілдескен олардың кейбірі: «Шіркеу бұрыннан бар. Сағынтаев әкім болып тұрғанда толықтай жөндеп берді. Енді ескерткіш ашылды. Қалай қуанбайсың, бұл – біздің тарих», – деп ағынан жарылды.
Айтпақшы, 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген сәтте Харьков қаласындағы Александр Невский ескерткіші алынып тасталды. Мұны ресейлік басылымдар шулап жазғаны да есте...