Жігер Ауыпбаев қырғыздың әніне жиендік жасады ма? – Шоу-бизнесте қызық болып жатыр
Әдеттегідей, әртістердің басынан дау арылар емес. Анығын айтсақ, соңғы күндері сахна сыртында біраз қызық болды. Мәселен, желіге жазба жүктеп, жұрттың сынына қалған Мақмал Жүнісова шетелде қыдырып қайтса, Қайраттың қасынан қайта көрініп, көптің күдігін сейілткен Жұлдыз Әбдікәрімова сотта жеңіліп қалды. Анығын тілшіміз тарқатқан топтамадан оқыңыз.
Мақпал Жүнісова Дубайға сапарлап келді. Ол жақтағы қандастар әншінің аяғын жерге тигізбей, жік-жапар болып күтіп алды. Қаланың әсем орталықтарын аралаған өнер иесі үш мыңға жуық иіссу түрін шығаратын алып компанияға да ат басын тіреді. Халық әні «Сәулемсіңді» шырқағанда ауызын ашпаған араб азаматы қалмады. Әншінің өнеріне тәнті болған мекеме басшысы қазақша тәржімалағанда «Мақпал» деген мағынаны беретін иіссу сыйға тартты.
Осылайша ел аралап отбасына оралған Халық әртісі қызына кәдесіз келмеді. Мәселен, Мерейге трендтен түспей тұрған Дубай шоколадын ала келіпті. Өзі де тәттіден ауыз тигенін айтқан ол «Біреуін 15 мың теңгеден сатып жатыр. Арзан емес. Құрысын, болмайтын нәрсе ғой. Өзіміздің торттардың дәмінен айнымайды, ештеңесі жоқ» деп желідегі жазылушыларын күлкіге қарық қылды.
Сәбит Әдіхалықовтың «Назар» театры «Нурикамал» атты музыкалық-поэтикалық драма ұсынбақ. Мүсірепов театрында сахналататын туынды болған оқиға ізімен баяндалады. Яғни, танымал әннің шығу тарихы қаз-қалпында суреттеледі. Қойылымның авторы және режиссеры – Сафуан Рысбайұлы.
Спектакльде ән авторы Ханбибі Есенқарақызын Мөлдір Зікірбай, композитор Тұрдықылыш Ізтаевты Нұржан Әбіласан, ал оның музасы болған Нурикамалды Анель Оспанжан кейіптейді.
Raim қараша айында алматылықтарды жеке кешімен қуантпақ. Концерт көпке белгілі Almaty Arena стадионында өтеді деп жоспарланған. Хитменнің өзі тыңдармандарына жай ғана концерт емес, эмоцияға ерік беретін нағыз музыка әлеміне саяхат жасайсыздар дегенді айтып, уәде беріп отыр. Өнер иесінің желіге жарнамалаған афишасынан біраз әріптестері әннен шашу шашарын аңғаруға болады. Мәселен, Калифарния мен Мирас Жүгінісов, сондай-ақ келіншегі Ерке Есмахан әншіні қолдап өнер көрсетпек.
Жаңа трегінің трейлерін жариялаған Жігер Ауыпбаев қырғыз ағайындарға жақпай қалды. Бұған дейін «Ғашық болғым келмейді», «Жоғал әрі» сынды қыз біткеннің меселін қайтаратын туынды жазып келген әншінің бұл жолғы шығарылымы саф сезімге негізделген. «Мен сені сүйем» деген әннің үзіндісін желіден тыңдаған жұрт «тамаша» деп баға беруде. Тіпті, кейбір бозбала мен бойжеткендер аталмыш әнді ғашықтарымен түскен бейнелеріне арқау етіп, әншіге жаңа туынды үшін алғыс жаудырған. Жігер әнді тыңдарманға бейнебаянымен бірге ұсынбақ.
«Керемет ән, жүрекке тиеді», «Хит болатын ән», «Тамаша орындау», «Жігер керемет әнші, ерекше дауыс иесі, жүректі тебірентер туынды», – деп жазды желідегі жұрт.
Осындай пікірлер арасынан айыр қалпақты ағайындардың «Қырғыздың ырларын ұрлап, хит бола береді екенсіңдер да», «Бек Борбиевтың ыры екенінен хабары жоқ қой дим» десе, енді бір қырғыз азаматтар: «Негізі қазақ қырғыздың, қырғыз қазақтың ырларын ырдап жүре берет. Бірақ ырдағанда оның авторын айту қажет» деп әншіге өтініш білдірген.
Үйінен айырылып қалған Жұлдыз Әбдікәрімова енді жоғары сотқа жүгінбек.
Бұған дейін Қайрат Нұртастың әйелі төрт баласымен баспанасыз қалғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бір құрылыс компаниясы жер үй соғып беремін деп уәде беріп, оның орнына актрисаның төрт бөлмелі пәтерін тартып алған. Соңынан ол құрылыс компаниясына қарсы сотқа шағым түсіріп, алғашқы сотта жеңіліп қалды. Сот органы келісімшарт ерікті түрде жасалған деп тауып, пәтерді сатып алушылар жауапкершілікке тартылмайтынын жеткізді. Ал Әбдікәрімова «Соттың шешімімен келіспеймін!» деп отыр.
«Екінші сот отырысы өтті. Менің көңілім толмаған сәттер мыналар:
Біріншіден, өткен отырыста сот өзі талап еткен жауап беруші тараптағы Дилара осы отырысқа қатыспады. Неге? Қарсы тарап соттың талабын орындамайтын не күшке ие?
Екіншіден, сот екі тарапты толық тыңдап болғаннан кейін, ешқандай қосымша анықтаушы сұрақтар қойылмай, ақылдасу бөлмесіне үнсіз кетіп қалды. Бар болғаны 20 минутта шешім қабылданды. Бірінші болған сот шешімін өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылданыпты.
Соттың ресми шешімі жайындағы құжат келесі апта шығады. "Заң бұзушылық табылмады" деген үкім айтылды. Естеріңізде болса, бірінші отырыста қаралмаған, немесе назар салынбаған дәлелдер келтіргенімді айтқанмын. Бұл жолы да ол дәлелдер ескерусіз қалды.
Сот шешімімен келіспейтінімді, мұнымен іс жабылмайтынын, Жоғарғы сотқа қайта шағымданатынымды хабарлаймын!», – деп жазды Жұлдыз желідегі жеке парақшасында.
Сондай-ақ «мен жалғыз алданушы емеспін» деген атриса айқасып жатқан компанияның атына он шақты алданған азаматтар бірігіп ұжымдық шағым түсіргендерін алға тарты. «Әділдік орнауына бар күшімді саламын» деп отыр.