6 Қыркүйек 12:19
...

Жеуге болатын вакцина

Фото:

Өзбекстан ғылым Академиясының геномика және биоинформатика Орталығының ғалымдары коронавирусқа қарсы қызанақ түріндегі вакцина әзірлегендерін мәлімдеді. Бұл туралы көрші елдің Sevimli арнасының Zamon бағдарламасында арнайы репортаж көрсеткен. 

Өзбек ғалымдарының сөзінше, олар қызанақтың жасушасына клондау тәсілімен коронавирус салған. Адам «вакциналанған» қызанақты жегеннен кейін, ағзаға түскен қызанақтың жасушаларынан коронавирусқа қарсы антидене бөлініп шығатын көрінеді.

Өзбек ғалымдары бұл жобаны 2021 жылдың қаңтарынан бастаған. Неге қызанақты таңдағанын бұл көкөніс пайдалану алдында термиялық өңдеуден өткізуді қажет етпейтінімен түсіндіреді. Өйткені жоғары температурада антидене жасап шығаратын жасушалар бұзылып кетеді екен. Әзірге өзбек ғалымдары әзірлеген қызанақ вакцинаны пайдалануға қашан рұқсат берілетіні белгісіз.

Бұған дейін ресейлік ғалымдардың кілегейлі айраннан тұратын вакцинаны сынауды бастағаны туралы жария болған еді. Санкт-Петербордағы эксперименталды медицина Институтының ғалымдары әлемде бірінші болып осындай ішетін вакцина әзірлегендерін айтады. Қазір бұл вакцинаны жануарларға сынап жатқанын хабарлады.

«Сүтқышқылды бактериялар-пробиотиктермен араласқан вакцина тәжірибеге іріктеп алынған жануарлардың қанында вирусқа қарсы иммунды жауап қалыптастыратын A (IgA) және G (IgG) классындағы иммуноглобулиндер түзді», – дейді ғалымдар.

Ресейлік мамандар бұл вакцинаның клиникалық сынаққа дейінгі тексеруі 2021 жылдың аяғына қарай аяқталады деп болжайды.

Жеуге болатын вакцина қауіпсіз бе?

Жалпы, жеуге болатын вакцина идеясы оншақты жыл бұрын пайда болған. 2012 жылы Австралия ғалымдары Нобель сыйлығының иегері Доктор Барри Маршаллдың жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, адамның асқазанынан тапқан пайдалы бактериялардың бірқатар штаммын вакцинаның негізі ретінде пайдалануға болады деп тұжырған еді. Ғалымдар тұмау вирусының ақуыздарының құрылымын қайталайтын (кодтайтын) генді осы бактерияның геномына қосу арқылы жеуге болатын әрі тиімділігі жоғары вакцина алуды ұсынған. Олардың алғашқы тәжірибелері жақсы нәтиже де көрсеткен. Алайда бұл жобаның қалай аяқталғаны туралы дерек жоқ.

Иммунологтар мұндай препараттардың өндірісі арзан, жылдам әрі қауіпсіз деген пікірде. Және мұндай вакцина егу кабинетін ашу, дәрігерлерді тарту, вакцинаны сақтау секілді шығындардан құтқарады әрі вакцинаның өзі анағұрлым арзан болады деп есептейді.

Тегтер: