12 Наурыз 15:00
...

Жетісуда балалардың тамағынан жырып жей бастады...

Талдықорған
Фото: Коллаж NEGE

Жетісу облысынан тағы ши шықты. Бұл жолы да білім саласынан. Оқушылардың тамағынан пайда тапқысы келгендер миллиондаған теңгені әлдекімнің қалтасына салып жіберіпті.

Жетісу облысында прокуратурасы былай деп хабарлады: «Прокурорлар жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асатын мектептердегі тамақтану үшін жеткізушілерге негізсіз ақша төлеу фактілерін анықтаған.

Мәселен, Көксу ауданында 2023 жылдың 13-15 желтоқсаны аралығында ауа райының қолайсыздығына байланысты 1-4 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылған болатын. Алайда, білім беру мекемесі жеткізушіге көрсетілген күндеріндегі ұсынылмаған тамақтану қызметі үшін 4 миллион теңгеден астам қаражат төлеген.

Ұқсас бұзушылықтар облыстағы барлық мектептерде анықталған.

Осы анықталған бұзушылықтар бойынша залалды өтеу туралы қадағалау актілері енгізілді».

Бұған дейін де Жетісу облысының білім саласында былық-шылық көп еді. Тіпті өз-өзіне қол жұмсау фактілері де тіркелді. Осыдан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы салаға жауапты орынбасары Рустам Әлиді орнынан босатуға мәжбүр болды. Анығында «жылыстатып» жіберді. Р.Әли қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінде білдей бір комитеттің төрағасы.

Р.Әлидің орнына келген Марлен Көлбаев та қатырып жатқан жоқ. Келе сала қарамағындағыларды бір шыбықпен айдауға тырысып, жұмыс істеу стилі біртүрлі басшы екенін көрсетіп қойды. Іс-әрекетіне қарап, Көлбаевтың да көпке бармайтынын болжауға болатындай.

Зам әкім
Коллаж NEGE

Қаңтар бүлігінен кейін «дипломат», «журналист» һәм «боксшы» Бейбіт Исабаев аяқ-астынан Жетісу облысына әкім болып тағайындалғанда оны жыға танитындар жетісулықтарға көңіл айтқандай болған. Ал қалам ұстаған қауым оны «әріптесіміз әрі сыртқы саясаттың ықпыл-жықпылын білетін адам» деп үмітпен қабылдады. Алайда сол үміт ақталмайтын сияқты. Исабаевтың сыртқы саясатты қаншалықты білетінін қайдам, ішкі саясатты мүлдем білмейтін болып шықты. Егер білсе, жұрт алдында «Жаңа Қазақстанның қандай болатынын білмеймін, фотосын маған ешкім көрсеткен жоқ» деген сөзді айтар ма еді?

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» дейтін сөз бар еді ғой жұрт арасында. Жетісудың біз сынап жүрген бұрынғы әкімдері әлдеқайда тәуір екен, соған күн сайын көзіміз жетіп жүр.